14 июня, 2025
Тағылымы мол пән

Тағылымы мол пән

Әдебиет – сөз өнері. Ол адамға эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, рухани азық та береді. Соның ішінде біз үшін әсіресе төл әдебиетіміздің, қазақ әдебиетінің рөлі ерекше. Себебі қазақ әдебиетіндегі қай шығарма да, тәрбиелеуші рөлін атқарады. Мәселен, Б.Соқпақбаев атамыздың «Менің атым Қожа», Бауыр- жан атамыздың «Ұшқан ұя» шығармаларын оқып, одан рухани және ұлттық құндылықтарды бойымызға сіңіреміз. Оған дәлел ретінде «Ұшқан ұя» шығармасындағы жеті атаны жаттату, үйге сәлем беріп кіру секілді эпизодтарды келтіре аламыз. Ал, Бердібек атамыздың «Менің атым Қожа» шығармасындағы Қожаның адамгершілік, адалдық секілді қасиеттері әрбір адамға ой салары анық. Сондай-ақ заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов «Абай жолы» роман- эпопеясы арқылы халқымыздың жарты ғасырлық тарихын, мәдениетін, өмір сүру салтын бар әлемге паш етті.

Ал хакім Абайдың:

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым ойлап қой», – деген ұлағатты сөздері бізді жақсылыққа үндесе,

«Өтірік, өсек, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ»,

Бес дұшпаның білсеңіз, – деген сөздері біздің қандай нәрседен аулақ болуымыз қажеттілігін ескертеді.

Халық ауыз әдебиеті–қазақ әдебиетінің ішіндегі жауһары. Ол халқымыздың асыл арманын, өткен тарихын, әдебиетін мен мәдениетін танытады. Бізге тәлім-тәрбие береді. Мысалы, батырлар жыры бізді қайсар, батыл болуға үйретсе, ғашықтық жырлар халқымыздың салт-дәстүрінен хабардар етеді. Ал жұмбақтар тапқырлыққа, жаңылтпаштар жылдамдыққа, мақал-мәтелдер даналыққа үйретеді.

Қазақ әдебиеті жыраулар поэзиясы мен әр ғасырдағы құнды мұраларымен де құнды. Өйткені олар еліміздің өткен тарихын танытып қана қоймай, болашаққа нық сеніммен қарауға үйретеді. Махамбеттей батырдың рухты поэзиясымен таныстырып, Ерлан Жүністей ақындарымыздың тәуелсіздік туралы толғауларымен сусындатады. Қабдеш атаның «Қозыкүреңіндей» жүйрік болып, достықа адал болуға шақырады.

«Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге», – деп, Абай атамыз айтқандай, кітап оқу арқылы қазақ әдебиетінің қайнарынан сусындауға, сол арқылы ұлттық құндылықтарымызды келер ұрпаққа жеткізуге болады. Ендеше, ойымды жинақтай келе айтарым, тағылымы мол қазақ әдебиетін мақтан етейік, оны оқиық, даналығын ұғынайық! Сонда ғана ұлттық болмысымыздан ажырамаймыз.

Ділназ Әбілдина,

Фурманов жалпы білім беретін мектебінің

10-сынып оқушысы

Гүлнар БАЙТУРИНА, қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі әрі жетекшісі