Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 32 жыл. Отыз екі жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес, зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Арысы Қазақ хандығынан бастап, берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеміс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн.
Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекетіміздің дамуына Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері елеулі үлес қосты. Ата-бабамыз мирас етіп қалдырған кең байтақ жерімізді қорғау жолында Ұлттық ұлан жауынгерлері қолына қару алып, күннің суығы мен ыстығына қарамай, бекетте, қала көшелерінде күн сайын қырағылық танытып, жылдан-жылға қатарын сиретпей, ел сенімін ақтап келеді. Ел ішінде қоғамдық қауіпсіздікті, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің тұрақтылығының басты басымдығы. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы Ұлттық ұлан қызметінің қажеттілігі мен маңызын тағы да дәлелдеді. Заманауи армия құру – тек техника мен қару-жарақты жетілдіру емес, сонымен бірге бірінші кезекте кәсіби армияның негізі болып саналатын жаңа әскери буынды тәрбиелеу екені сөзсіз. Еліміздің жалынды жастары бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған қыршын ерліктері бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда. Тәуелсіз елдің жастары мықты, рухты, патриот болуға тиіс деп білемін! Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып саналатын осы салтанатты күні еліміздің халқына игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін.
Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын! Әскери бөлімнің абыройы, Отанымыздың тыныштығы мен бейбітшілігі, жетістігі үшін біз қашанда адал қызмет етуге дайынбыз!
Талғат Әбдіров,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
6697 әскери бөлімінің командирі
полковник