Тәртіп бар жерде тазалық бар

Тәртіп бар жерде тазалық бар

Көктемнің басталуымен санитарлық тазарту бойынша іс-шаралар кешенін жүргізу маңызды. Бұл – рұқсат етілмеген полигондарды жою, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру. 6 сәуірден аймақта тазалық айлығы басталмақ. Осы және өзге де мәселе облыстық әкімдікте өткен кеңейтілген жиында айтылды.
Жыл сайын қоқыс тазарту жұмыстары нашарлап барады. Шағымдар мен өтініштердің ең көп саны Рудный қаласының тұрғындарынан түседі. Мәселен, 10 наурызда кеншілер қаласының жергілікті тұрғыны Корчагин көшесіндегі көп қабатты үйдің кіреберісінде үйіліп жатқан қоқыс жайында бейнеролик жариялады. Бұл бір ғана мысал. «Атқамінерлер аулалар мен көшелердің, оның ішінде контейнерге дейінгі алаңдар мен темір жолдардың санитарлық жағдайына назар аударуы қажет, өйткені рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне шағымдардың саны жыл сайын артып келеді және БАҚ әлеуметтік желілерінде жиі жарияланады», – дейді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаров.
Елді мекендерді санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жүргізу кезеңінде өткен жылы облыста 236 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталып, оның 232-сі жойылған. Бас-аяғы 4 полигон жойылмай қалды, оның екеуі Ұзынкөл ауданында, қалған екеуі Лисаков қаласы мен Федоров ауданында. Ал алқалы жиында мәлім болғандай ғарыш мониторинг арқылы деректерді жинайтын облыстық экология департаментінің дерегі мүлдем басқаша. Бұл ретте, 382 қоқыс үйінділері анықталып, оның 352-і жойылған.
Облыс әкімі Дәурен Асқаровтан жауапты ведомстволардан келетін деректер қайта тексеріле ме деп сұрады. Сөйтсе, энергетика және ТКШ басқармасы ешқайда бармай-ақ, есептерге жүгіне салатын болып шықты. Ал, онлайн байланысқа шыққан Лисаков қаласы мен Федоров ауданының әкімдері энергетика және ТКШ басқармасы есебін жоққа шығарып отыр. Себебі, аталған өңірлерде қоқыс үйінділері әлдеқашан жойылған.
«Қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, мониторинг жүргізуге мүмкіндік мол. Қағаз жүзінде есеп беріп, қорытынды жасауға болмайды», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы елді мекендерде абаттандыру ережелерін бұзатындармен күрес қалай жүргізіліп жатқанын сұрады. Себебі, бұл жұмысқа полиция, ТЖ қызметі, санитарлық дәрігерлер, әкімдіктерді де жұмылдыру қажет. Мәселен, өткен жылы ауылдық округ әкімдері аталған салада 194 әкімшілік құқық бұзушылық анықтаған. Оның 139-ы Меңдіқара ауданына тиесілі. Ал Алтынсарин, Денисов, Жітіқара, Жанкелдин, Қамысты, Сарыкөл және Бейімбет Майлин аудандарында мүлдем дерек тіркелмеген.
Аймақ басшысы елді мекендердегі тазалық үшін адамдардың жауапкершілігін арттыру үшін әлі де жұмысты күшейту қажеттігін қадап тапсырды.
«6 сәуірде жалпы облыстық сенбілік өткізуді тапсырамын. Тұрғындарды, ұжымдар мен мекемелерді осы іс-шараға қатысуға шақырамын. Қоршаған орта тазалығының әрқайсымызға байланысты екенін еске салғым келеді. Қалалар мен аудандардың әкімдері тазалау барысын жеке бақылауға алып, ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейтуі тиіс. Қоқыстардың уақтылы шығарылуын және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жоюды бақылау, сондай-ақ, стихиялық қоқыс үйінділері үнемі пайда болатын саяжай қоғамдарының, қала маңындағы және жеке сектордың тұрғындарымен жұмысты жандандыруы қажет», – деді Қ.Ақсақалов.

Шұға ҚОҢҚАБАЕВА,

Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу