Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров Қостанайға келген сапары барысында айтты.
Онда депутат ең әуелі агроөнеркәсіптік сектордың маңызына ерекше назар аударды.
“Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикалық дамуының негізі саналады. Біз бәсекеге қабілетті өнімдерді шығарып, ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен жабдықтауға тиіспіз”, – деп атап өтті депутат.
Су тасқынының келтірген залалы субсидия бойынша тапшылықтың себебіне айналып отырғаны аян. Бюджеттегі қаржының дені су тасқынының зардабын жоюға бағытталғанын айта кетейік.
“Қазір мемлекет облыс бойынша 52 млрд теңге субсидия қарыз. Министрменмен бұл жөнінде сөйлестім. Сондай-ақ Серік Жұманғариннің алдында да көтердім. Бұл мәселе шешіледі. Бұйыртса, келесі 3-4 айдың көлемінде осы қаржы төленеді. Енді тағы да бір түсініспеушілікті түсіндіріп өтейін. Субсидияның орнына жеңілдетілген несие береміз. Бұл жерде дүрлігуідің қажеті жоқ. Бұл жерде тек процентті өтеп беретін субсидияларды алып тастаймыз”, – деп түсіндірді депутат.
Сералы МЫРЗАБАЙ