Су мәселесі «құрғамай» тұр

Су мәселесі «құрғамай» тұр

Көктемгі қызыл судың кесірі Алтынсарин  ауданына да тиді. Силантьев ауылына шеткері орналасқан жеті тұрғын үйге су кіріп кетті.

«Ауылымыздың іргесіндегі тоған биыл арнасынан асты. Жанындағы екі бірдей аулаға су жайылып, біраз әбігерге салды. Оған күнара жауған жаңбыр да араласып отыр. Одан жиналған су тоғанға кері ақпай тұр. Бұл туралы әкімдікке хабарласып айттық. Ол кісілер: «Айналасын кеңейту жұмыстарын қолға аламыз» деп уәдесін берді. Шешімін күтіп жүрміз», – деді ауыл тұрғыны Қанат Мұратұлы билік пен халық кездесуінде.

Аудан әкімі Арнұр Сартов ол шаруа тамыздың аяғында реттелетінін түсіндірді.

«Ол мәселе бүгінде күн тәртібінде тұр. Алдан ала жерді құрғатып барып, бажайлап алуымыз керек. Асығыстық жасағанымызбен, екінші жерінен ақау шығуы мүмкін. Жан-жақты зерттеліп, қыркүйек айында ол жердегі тоғанның жан-жағын кеңейту жұмыстары басталады. Қазір ол маңдағы су сорылып жатыр. Шығып жатқан судың мөлшері де аз емес», – деді Арнұр Сартов.

Екінші мәселе Первомай ауылының су құбырының тозығы жеткен.

«Біздегі су құбырын ауыстыратын уақыт келді. Қазір ішіп отырған суымыздың сапасы да нашарлады. Осы мәселені қолға алсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді», – деді ауыл тұрғыны Талғат Ахметжанов.

Аудан әкімі құбырды ауыстыру мәселесі келесі кезеңде қарастырылатынын айтты.

«Аудандағы ауыз су мәселесін ретке келтіру үшін тиісті мердігермен шартқа отырып қойдық. Қазір Свердлов ауылында осындай ауқымды шаруалар жалғасуда. Осы күзде мердігер жұмысты аяқтайтын болады. Содан кейін ғана Первомай ауылындағы су құбырына қатысты сметалық құжат әзірленеді. Келер жылы бұл мәселе шешімін табатын болады», – деді Арнұр Сартов.

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев

Алтынсарин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу