Жастардың асыға күтетін жобасы “SUPER BOL” спорттық реалити-шоуы Қостанай өңірінде жалғасын тапты. Қаладағы “Тобол” база футбол алаңында жобаның екінші маусымына іріктеу өтті.
Жоба ұйымдастырушылары 14 қаланы аралайды, Қостанай оның сегізіншісі. Мұндағы іріктеуден өтуге қала мен жақын аудандардан 200-ден аса жас футболшылар келген.
– Бұл жерде бәріне тең мүмкіндік беріледі. Болашақ футболшылар үшін үлкен мүмкіндік. Футболға деген қызығушылықтарын одан әрі арттыру. Қазақстанда жасөспірімдер спортын дамыту. Кастинге 16 мен 23 жасқа дейінгілер қатыса алады. Шарты бойынша іріктеуден өтпегендер шығып қалып отырады, – дейді “SUPER BOL” жобасының менеджері Насима Қорғанбекова.
Жас таланттардың қарым-қабілетін танымал футбол мамандары бақылады. Төрешілер қатарында Олимпиада ойындарының чемпионы (1988), КСРО Кубогының иегері, Соңғы 50 жылдағы Қазақстанның ең үздік футболшысы ретінде УЕФА мерейтойлық сыйлығының иегері, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Евгений Яровенко бар.
– Жоба арқылы дарынды жас футболшыларды іздеп табамыз. Сол себепті біз Қазақстанның әр қаласын аралап жүрміз. Қостанай футболы әрқашан жоғары деңгейде болған. Осы іріктеуде де өздерін дәлелдеді. Өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Допты өз пайдаларына жарата біледі. Шамамен 4 мыңнан астам жастын шама-шарқын байқадық. Қостанайдан 10-ның үстінде жасты іріктеп алсақ дейміз. Кастингтен өткен балалар Алматыда өтетін финалдық ойында өнер көрсетеді. Бұл жоба олар үшін командаға енудің таптырмас мүмкіндігі, – деді төреші Евгений Яровенко.
Науырзым ауданының “Данабике” футбол командасының жеті ойыншысы арнайы кастингке қатысуға келген.
– Алғашқы маусымды сырттан бақыладық. Өзім сынды жастарға мол мүмкіндік беретініне көзім жетті. Көптеген футболшылар бала күнінде армандаған командаларында ойнап жүр. Науырзым ауданында “Данабике” футбол командасы бар. Жетеуіміз екінші маусымға қатысуға арнайы келдік, – дейді жас футболшы Боранбай Жәуке.
Сералы МЫРЗАБАЙ.