Аманкелдіде туристік хаб ашылды

Аманкелдіде туристік хаб ашылды

Айтулы кешен Сұлтан Бейбарыс ескерткіші мен Ұлттың жады қабырғасының салтанатты ашылуынан бастау алды. Белгілі меценат, Аманкелді ауданының құрметті азаматы Сапар Ысқақовтың айтуынша, Сұлтан бабаға ескерткіш қоюдағы негізгі мақсат – ұлы тұлғаға тағзым әрі жас ұрпақ бойында патриоттық сезім қалыптастыру.

“Әлемде Бейбарыс Сұлтанға қойылған ескерткіш өте аз. Қазақстанда қойылған бұл екінші ескерткіш. Біріншісі Атырауда тұр. Ал аттың үстінде айбарлы бейнесі сомдалған мүсіні әлемде алғаш рет Торғай жерінде қойылып отыр деуге болады”, – дейді ескерткіштің бой тіктеуіне барын салған кәсіпкер Сапар Ысқақұлы.

Тұғырымен қосқанда ескерткіштің биіктігі 8,5 метр, ал мүсін 4 метр.

 Жалпы туристік хабтың аумағы – жеті гектар. Кешен ішінде жалпы саны 12 нысан салынбақ. Олар әлемнің жеті кереметі саналатын Пирамида, Тәж-Махал, Пальмира амфитеатры, Эйфель мұнарасы, тіпті Бразилия, Испания, Еуропа, Азия елдерінде кездесетін тарихи құрылыстардың көшірмесі ретінде жүзеге асырылды.


Бұл алып құрлыстың авторы әрі іске асырушысы, ҚазКСР еңбек сіңірген құрылысшысы, кәсіпкер, меценат Сапар Ысқақов.

Аталған кешен Қостанай облысының туристік инфрақұрылымын дамытудың маңызды элементі болмақ. Жаңа нысандар түрлі халықтар мен дәуірлердің мәдени мұрасының элементтерін, сондай-ақ аймақтың бірегей табиғи көрікті жерлерін осылайша біріктірді.

Келушілер Эйфель мұнарасы (биіктігі 25 метр), Бейбітшілік және келісім сарайы, Венеция каналы және Сақ моншасы сияқты әйгілі жәдігерлердің көшірмесін көре алады. Қазіргі уақытта әлемдегі ең үлкен сәулет ескерткіштерінің бірі — Тәж-Махал көшірмесінің құрылысы жалғасуда, оның да биіктігі – 25 метр. Құрылыс жақын арада аяқталмақ.

Туристік хабтың тұсаукесері аймақтың көптеген тұрғындары мен қонақтарын басын қосты.

Көпшілік мұндай нысандар туған өлкенің танымал болуына ықпал етіп, демалыс пен туризм үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті.

 «Біз қазір достарымыз бен таныстарымызға мақтанышпен көрсететін, өңіріміздің мәдени мұрасын паш ететін орын барына өте қуаныштымыз», — дейді жергілікті тұрғындардың бірі.

Іс-шара қонақтары мұндай жобалар өңірді тек қазақстандық туристер үшін ғана емес, шетелден келген қонақтар үшін де тартымды ететінін атап өтті.

Нысанның ашылу рәсімі аймақтың мәдени дәстүрлерін паш еткен өнерпаздардың мазмұнды қойылымына ұласты. Аудан тұрғындары мен қонақтары коцерттік бағдарламаны ерекше ықыласпен тамашалады.

“Сапар Ысқақұлын қазақ тарихының жоғын түгендеуші, мәдениетін толықтырушы азамат екенін барша қазақ біледі десек, артық айтқандық емес. «Ұлттық жады қабырғасы» деп аталатын тақта бар қазақ тағзым ететін, көз алдынан еліміздің өткен-кеткенін бір сәтте еске түсіретін құнды мекенге айналары сөзсіз”, – деп бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали да өз баяндамасында атап өткен еді.

Ал ақын Ақылбек Шаяхмет бар қазақтың айбары, Мысырды ел қылған, қыпшақ даласының ұланы Сұлтан Байбарыс бабамыздың ескерткіші рухымызды асқақтатып тұрғанын тілге тиек етті.

“Бұл ескерткіштер мен “Ұлттық жады қабырғасының” үлкен өркениет орталықтарынан шалғайда жатқан өңірдің эстетикалық талғамын қалыптасыруда Сапар Ысқақов ағамыздың ерен еңбегі кейінгі жас буынға үлгі боларлық іс. Орталық пен Батысты байланыстыратын күре жолдың бойында орналасқан кешен талай жолаушы мен туристердің саялайтын мекеніне айналады деген сенеміз”, – деді Ақылбек Қожаұлы.

Амангелді ауданындағы туристік орталық танымал демалыс орны ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен туристерді тартатын маңызды мәдени орталыққа айналмақ.

Мұнда туристер бірегей сәулет нысандарымен қоса, таңғажайып табиғи пейзаж бен атақты геоглифтерді тамашалай алады.

Айбек Таңатбаев 

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев 

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу