Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин Спорттық бағдарламалау федерациясының Қостанай филиалының ресми ашылуына қатысты. Сондай-ақ, “Qostanay it Hub” орталығының және IT компаниялардың жобаларымен танысты.
Айта кету керек, биыл облыс әкімдігі “AstanaHub” бірлесіп, өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Нәтижесінде “Astana Hub” Қостанай филиалы – Qostanai it Hub” А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ SMART орталық ғимаратында ашылған еді.
– Бүгінгі таңда спорттық бағдарламалау – зияткерлік спорттың келешегі бар саласы, онда қатысушылар бағдарламалау тілдерін пайдалана отырып, күрделі математикалық есептерді шешеді. Қазақстандық оқушылар мен студенттер IOI және ICPC сияқты халықаралық жарыстарда тұрақты табыстарға жетіп, рейтингте жоғары орындарды иеленіп келеді. Мен бұл өкілдік спорттық бағдарламалауды дамытуда және дарынды бағдарламашылардың жаңа буынын дайындауда маңызды қадам болады деген сенімдемін, – деді министр.
Орталықа балалар мен жасөспірімдер арасында спорттық бағдарламалауды белсенді әрі қызықты әрекет ретінде ұсынатын түрлі іс-шаралар өтеді. Бұл өз кезегінде жастардың зияткерлік спортқа деген қызығушылығын дамытуға және жылдам өзгеретін жаңа технологиялар әлемінде табысты бәсекелесуге қажетті ұшқыр ойлау, шығармашылық бастамашылық, икемділік пен ұтқырлық сияқты дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді.
– Спорттық бағдарламалаумен шұғылданып жүргеніме бір жарым жыл болды. Олимпиадалардың жүлдегерімін. Қаламызда ашылғанына қуаныштымыз. Енді оқушылардың авторлық бағдарламаларды әзірлеп, дамытуға мүмкіндіктері бар, – дейді Алина Капекова.
“Спорттық бағдарламалау федерациясы” республикалық қоғамдық бірлестігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мырзаның қолдауымен Digital Nomads Kazakhstan IT қоғамдастығының өкілдерімен және еліміздің осы саладағы жетекші сарапшыларымен бірге құрылды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ