16 июня, 2025
Шырайлы шаңырақ, шынайы еңбек иесі

Шырайлы шаңырақ, шынайы еңбек иесі

Әйел – отбасының ұйытқысы, қоғамның тірегі, білім мен тәрбие саласының шамшырағы. Облыстың білім саласында өзіндік орны бар Данагүл Сүйіндікова – осындай жандардың бірі.

Ол бар саналы ғұмырын білім беру жүйесіне арнап, талай шәкірттің жүрегіне білім шырағын жаққан ұстаз, білікті басшы, ұлтжанды ана. Қазіргі таңда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқаратын Данагүл Жаппасбайқызының еңбек жолы – үлкен тәжірибе мен жауапкершіліктің үлгісі.

 

Ұстаздыққа бастар жол

Бейімбет Майлин ауданындағы Мақсұт ауылында дүниеге келген кейіпкеріміздің балалық шағы Әулиекөл ауданының Тұрғынбаев ауылында өтті. Сол кездегі Целинный орта мектебін бітіріп, бала кезінен гуманитарлық пәндерге, әсіресе тарихқа қызығушылық танытты.

«Мектепте оқып жүргенде құқықтану немесе тарих мамандығын таңдағым келді. Бірақ сол уақытта Алматы немесе Челябі қалаларында ғана заңгерлік білім алуға мүмкіндік болды. Қостанай педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түстім», – деп еске алады.

Анасының тәрбиесі оның өмірінде ерекше орын алады. Отбасын жалғыз өзі тәрбиелеп өсірген анасы еңбекқорлығы мен парасаттылығымен қыздарына үлгі бола білді.

«Анам тірі болса, биыл 87 жасқа келер еді. Өкінішке қарай, екі жыл бұрын өмірден өтті. Ол көп балалы отбасында дүниеге келіп, бізді де еңбекке баулып өсірді», – дейді кейіпкеріміз.

Анасынан бойына дарыған шыдамдылық, мейірімділік, табандылық қасиеттер оның бүкіл өмір жолында серік болып келеді. Институтта білім ала жүріп, отбасын құрды. 1992 жылы дипломын қолына алып, өзі оқыған ауыл мектебіне тарих пәні мұғалімі болып оралды. Осылайша, білім саласындағы еңбек жолы басталды.

 

Биікке бағдар

Мектеп қабырғасында жүргенде оның тарихқа деген қызығушылығын оятқан – алғашқы ұстазы, мектеп директоры әрі тарих пәнінің мұғалімі Сүгірәлі Набиев еді.

«Сүгірәлі ағай – менің болашағыма бағдар берген тұлғалардың бірі. Ол кісі маған кәсіби маман ретінде қалыптасуыма көп көмектесті. Институтты тәмамдап, жұмыс істеген жылдары да аға буын әріптес ретінде талай ақыл-кеңесін берді. Одан бөлек, алдымда түрлі мақсаттар болғанымен, бірақ жоғары сынып оқып жүргенде қай мамандық бойынша, қайда баратынымды бағдарлап қойған едім. Оған да бағыт берген тарих пәнінің мұғалімі әрі сынып жетекшім Дарья Подсумкова еді», – деп еске алады ол.

Данагүл Сүйіндікова он жыл бойы туған ауылында тарих пәнінен сабақ беріп, оқушыларды тәрбиеледі. 2000 жылы Қостанай қаласына көшіп, С.Мәуленов атындағы гимназияда жұмыс істеді. Осы мектеп оның кәсіби дамуына үлкен әсер етті.

Кейін білім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтына шақырылып, тарих кабинетін басқарды. Әдістемелік жұмыстармен айналысып, білікті мамандар даярлауға атсалысты.

– Сол жылдары бізге үлкен талап қойылды. Білім сапасын арттыру, жаңа бағдарламаларды енгізу, мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру – басты міндетіміз болды. Басшы кадрларды даярлау кабинетін басқарғанымда, мектеп директорларына дәріс оқып, тәжірибе бөлістім, – дейді ол.

2010 жылдан бастап мектеп басқаруға көшті. Қостанай қаласындағы №1 лицейдің директоры, кейін білім бөлімінің басшысы болып қызмет етті. Сол жылдары қазақ тілінде білім беретін сыныптардың санын арттыруға белсенді үлес қосты.

– Қазақ мектептерінің санын көбейту үшін үлкен жұмыстар атқардық. Мысалы, бұрын аралас мектеп болған №115 мектепті толықтай қазақ мектебіне айналдырдық. Бұл оңай шаруа емес еді, себебі бірден мектепті өзгерте алмайсың. Оған бірнеше жыл қажет болды, – дейді ол.

 

Мектепке деген сағыныш

Данагүл Жаппасбайқызы қаладағы үш мектепте директорлық қызмет атқарды: Қостанай қаласы №24 бастауыш мектеп-гимназия, №1 мектеп-лицей және С.Мәуленов атындағы гимназия. Әсіресе, соңғы аталған гимназия ол үшін ерекше ыстық.

«Мәуленов мектебі қаладағы қазақ мектебі ретінде өзін дәлелдеп, гимназия мәртебесін алған уақыт – біз үшін үлкен жетістік. Ол кезде білім сапасына қойылатын талап өте жоғары болды. Әр мұғалім үздік болуы тиіс еді. Олимпиадалар, түрлі сайыстар – барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылатын», – деп еске алады ол.

Қостанай қаласы білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған жылдары мектептердегі білім сапасын арттыруға басымдық берді. Кейін облыстық білім басқармасына шақырылып, қазіргі қызметіне кірісті.

«Басқармаға ауысу туралы ұсыныс түскенде біраз ойландым. Себебі мектеппен тығыз байланысымды үзгім келмеді. Дегенмен қазақ мектептерінің сапасын арттыруға үлес қосуды жөн көрдім», – дейді Данагүл Жаппасбайқызы.

 

Отбасы – ең басты байлық

Мансап пен отбасын қатар алып жүру – әрбір әйел үшін үлкен сын. Бірақ Данагүл Жаппасбайқызы бұл сынақтан сүрінбей өтті. Жұбайы Қайрат Жанділдәұлымен бірге отау құрып, үл бала тәрбиелеп өсірді. Үш ұлдың анасы. Бүгінде тұңғышы 35 жаста, кенжесі 20-да. Екі үлкен ұлы Астана қаласында тұрады, немерелері өсіп келеді.

«Немерелеріміздің қызығын көріп отырмыз. Ұлдарым өз мамандықтары бойынша еңбек етуде. Кішкентай ұлым қазір Сәтбаев университетінде оқиды. Барлығы да қазақ тілінде білім алды», – дейді ол.

Бала тәрбиесінде қазақы салт-дәстүрді ұстанады. Ол өзін қазақтың дәстүрін берік ұстанатын ана және ене ретінде көреді. Келіндеріне ақылын айтып, жол көрсетіп отыруды жөн санайды.

 «Қазақы салт-дәстүрлерді сақтауға тырысамыз. Құдалық, тұсаукесер, соғым – бәрін жасаймыз. Ырымшыл адаммын, кез келген нәрсені жақсылыққа жорып отырамын», – дейді Данагүл Жаппасбайқызы.

Ұстаздық пен басқарушылық қызметті қатар алып жүрген Данагүл Жаппасбайқызы әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше деп есептейді.

– Әйел – отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның да белсенді мүшесі болуы тиіс. Біз қызмет пен отбасын тең ұстауға тырысамыз. Қазіргі жастарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан қыз балалардың білім алуына, олардың өздерін дамытуына ерекше назар аудару керек», – дейді ол.

Бүгінде ол білім саласында жинақтаған мол тәжірибесін бөлісіп, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына күш салып келеді. Ұстаздық жолға адалдығы, басшылық қызметтегі жауапкершілігі – оны білікті маман ретінде көрсетуде.

 

Суреттерді түсірген –

Жансая СӘБИТБЕК

БЛИЦ-САУАЛ

– Сүйіп әзірлейтін тағамыңыз?

– Мен қазақтың ет асу мен бауырсақ тағамдарын әзірлегенді ұнатамын. Бұл менің сүйіп әзірлейтін тағамдарым деп айтуға болады. Бізде үйдегі балалардың бәрі ұлдар болғандықтан, әйтеуір олармен бірге достары еріп келеді. Қазір бөлек кетсе де, кіші ұлым маған қоңырау шалып, «ана, үйдесіздер ме? Қасымда жолдастарым бар» деп хабарласады. Менің есігім әрдайым ашық, дастарханым жаюлы. Мен үшін үйдегі дастархан әрқашан жылу мен жайлылықтың белгісі. Оны өз қолыммен әзірлеу, үйдің берекесін арттырады.

– Жаныңызға ең жақын мақал-мәтел?

– Қазақтың батыр ұлы Б. Момышұлының қанатты сөзін айтар едім: «Ер бақыты — ел қолында, Ел бақыты — ерлер қолында». Бұл сөздер әр адамға өзінің ел алдындағы жауапкершілігін сезінуге, өз ісінің маңыздылығын ұғына білуге шақырады.

– Соңғы оқыған кітабыңыз?

– Соңғы оқығаным — Марғұлан Сейсенбайдың «Миссия выполнима» кітабы. Жалпы, тарихи, қазақ және басқа да классиктердің кітаптарын оқығанды жаным қалайды. Бұл кітап мені рухани тұрғыдан байытты, ал қазақтың тарихына деген қызығушылығымды арттырды. Сейсенбайдың шығармалары арқылы өткенімізге үңілуге, оның маңызы мен тереңдігін ұғынуға мүмкіндік алдым.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ