“Сергек” құрылғысы Қостанайда желтоқсанда іске қосылады

“Сергек” құрылғысы Қостанайда желтоқсанда іске қосылады

Енді Қостанайдың әр бұрышы жалпы бейнекамералармен бақыланады. Оның сыртында көшелерге “Сергек” бейнебақылау жүйесі орнатылмақ. Қазірдің өзінде қозғалысы көп 6 қиылысқа бейнекамералар қойылған. Қостанай облысы ПД хабарлағандай, бүгінге дейін Алтынсарин-Победа, Фролов-Маяковский, Қайырбеков-Тәуелсіздік, Абай-Гоголь, Қайырбеков-Көбеев, қиылыстарына “Сергек” жүйесі орнатылды. Олар сынақ режимінде жұмыс істеп тұрғандықтан, ешкімге айыппұл салынбайды. Қостанай облысы ПД бірінші орынбасары, полиция полковнигі Алексей Милюктің мәлімдеуінше, желтоқсан айының ортасында іске қосуды жоспарлап отыр.

            – Бұл жұмыстар Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Желтоқсан айының 15-не дейін тағы 60-қа жуық “Сергек” бейнебақылау жүйесін орнатамыз. Барлығы 180 “Сергек” бейнебақылау жүйесі қойылады. Сонымен қатар, 1000 жалпы бейнебақылау камераларымен жабдықтау жоспарлануда. Бұл жөнінде тиісті мемлекеттік сатып алу жүргізілді, – деді А.Милюк.

Мың бейнебақылау камерасы тәртіпті қадағағалауға сеп болмақ. Яғни, қоғамдық орындарда, мектептер маңында, сондай-ақ, тұрғын үйлердің аулаларына орнату қарастырылған. “Сергек” бейнебақылау жүйесі мемлекеттік нөмір бойынша көліктерді тани алады.

– “Сергек” бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту, жылдамдықты арттыру, тоқтау сызығынан асып кету, жол белгілерін елемеу, белдік тақпау, жүргізушінің телефонмен сөйлесуін автоматты түрде тіркейді. Бұл жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелі белгіерін азайтады. Өйткені, полиция қызметкері мен ереже бұзған адамның арасында тікелей байланыс болмайды, – деді полиция полковнигі Алексей Милюк.

Полиция департаменті бейнебақылау жүйелерін сатып алмайды. Оны айналысатын компаниялар орнатады, департамент тек көрсетілген қызмет үшін төлеп отырады. Алдағы уақытта мұндай бейнебақылау жүйесі Рудный, Лисаков, Жітіқара және Тобыл қалаларында да пайда болады. Полиция департаментінде жедел басқару орталығын жаңғырту жүріп жатыр. Онда қызметкерлер онлайн режимде жол қауіпсіздігінің жай-күйін бақылайды. Жол қозғалыс ережесін бұзудың 60% автоматты түрде анықталған.

– Соңғы 9 айдың дерегіне сүйенсем, автоматты кешендердің көмегімем 60 мыңға жуық жол қозғалыс ережесін бұзу дерегі анықталды. Жалпы 130 мың 205 рет жол қозғалысы ережесі бұзылды, – деді бірінші орынбасар.

Тағы бір жаңашылдық, “Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі” жобасы шеңберінде “Sergek Qorgau” мобильді қосымшасы әзірленген. Ол патрульдік инспекторлардың планшеттеріне орнатылып, тікелей “Сергек” камераларымен біріктірілген. Қосымша көмегімен жалған нөмірлерді, қасақана заң бұзушыларды, жүргізуші куәлігінен арырылғандарды анықтайды. Сондай-ақ, сақтандыру күні аяқталған, техникалық тексеру мерзімі өткен, тіпті іздеуде жүрген автокөліктерді тауып береді.

Жыл басынан бері көлік жүргізу құқығынан айырылған 101 адам, техникалық тексеруден өтпеген 67 жүргізуші, айыппұлын төлемеген 44 және сақтандыру полисі жоқ 86 адам, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірмен жүрген екі адам ұсталған.

Ең бірінші “Сергек” бейнебақылау жүйесі Астанада енгізілген еді. Нәтижесінде жол көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны 60-тан 34-ке дейін қысқарып 43% төмендеген. Кейінгі жылдарда да сол деңгей сақталып отыр. Ал қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі 71% кеміген. Осы жылы Елордада “Сергек” бақылау камерасы жүйесі арқылы 797 мың 890 құқық бұзушылық біркеліп, 7 млрд 399 млн 278 мың теңге айыппұл салынған. Оның 6 млрд 358 млн 181 мың теңгесі өндірілген.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу