Сенаттың экс-депутаты Жеңіс Нұрғалиев өмірден озды

Сенаттың экс-депутаты Жеңіс Нұрғалиев өмірден озды

Жеңіс Мирасұлы Қостанай облысы мен жалпы Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосты. Өз өмірін еліне қызмет етуге арнаған көрнекті мемлекет қайраткері.

Ол 1962 жылы 9 мамырда Қостанай облысы Амангелді ауданында дүниеге келді.

Қостанай ауыл шаруашылығы институтында ғалым-агроном мамандығын оқыған. Кейін Орталық Азия университетінен заңгер мамандығы дипломын алды.

Еңбек жолын 1985 жылы Қостанай ауданындағы «Александров» кеңшарының №3 бөлімшесінде агроном болып бастаған. 1987 жылы №2 бөлімше басқарушысы, 1991 жылы «Александров» кеңшарының бас агрономы болған. 1991 жылы Қостанай облысы Науырзым ауданы «Дәмді» кеңшарының директоры қызметіне тағайындалды.

1995 жылы – Қостанай ауданының «Нива» ұжымдық кәсіпорнының төрағасы, 1997 жылдан өндірістік кооператив басқармасының төрағасы болды.

1999 жылы Қостанай ауданының «Надеждинка» ЖШС директоры қызметін атқарды.

2004 жылы Қостанай облысы Сарыкөл ауданы әкімі болса, екі жылдан соң Қостанай қаласының әкімі лауазымы сеніп тапсырылған.

Ал 2008 жылы Қостанай облысы әкімінің орынбасары болды.

2010 жылдан 2023 жылға дейін – Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің мүшесі.

«Құрмет» ордені (2005), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдары және т.б. марапаттарды иеленген.

Марқұмның жаназа намазы 18 қараша күні сағат 10.00-де Қостанай қаласы, Майковский көшесі, 104А мекенжайындағы Аймағамбет қажы мешітінде оқылады. Асы 18 қараша сағат 12.00-де Орджоникидзе көшесі, 56А мекенжайындағы “Статус” мейрамханасында беріледі.

Жаңалықтармен бөлісу