Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Креативті индустрияны дамыту перспективалары және зияткерлік меншікті қорғаудың құқықтық тәсілдері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді. Оған еліміздің салалық министрліктерінің өкілдері мен креативті индустрия саласының сарапшылары қатысты.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп дөңгелек үстелге қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында креативті индустрияны дамыту туралы бірқатар тапсырмалар бергенін атап өтті. Сенатор бүгінде елімізде бұл бағыттар белгіленіп, тиісті құжатпен бекітілгенін жеткізді.
«Бұл экономиканың жаңа, өнімді түрі. Креативті индустрия саласын әлем елдері оңды пайдалануда, бір ғана мысал Оңтүстік Кореяның поп группалары елдеріне миллиардтаған қаражат кіргізіп отыр. Бүгінгі таңда креативті ойланатын жастарымыз да өте көп. Бірақ маңызды бір мәселе – осы креативті индустрияны ұлттық құндылықтарымызды ілгерілетудің құралы ретінде немесе керісінше креативті индустрияның негізін руханияттан дамытсақ деген мәселе болып отыр. Одан бөлек осы саланы дамытуда құқықтық реттеуді талап ететін зияткерлік меншік мәселесі де бар», – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Әділет министрінің орынбасары Даниэль Ваисов өз кезегінде авторлық құқық және зияткерлік меншік мәселесі туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Отырыс барысында авторлық және сабақтас құқықтарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің маңыздылығы атап өтілді. Ол шығармашылықты дамытуға және зияткерлік меншіктің жаңа объектілерін жасауға жағдай туғызуға көмектеседі.