Сенатор еңбек ұжымымен кездесті

Сенатор еңбек ұжымымен кездесті

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға  мемлекет үлкен қолдау көрсетіп отыр. Соның  арқасында  өнеркәске жан бітті. Басқа өңірді айтпағанның өзінде, Қостанайдағы көптеген өндіріс ошағының өрісі кеңейді. Солардың бірі – «Азурит» тігін фабрикасы.

Бұл кәсіпорын алғаш рет 1997 жылы Лисаков қаласында шағын цех ретінде ашылған еді. 2018 жылы оны қазіргі иелері сатып алды.  Бүгінде  шағын тігін цехы үлкен фабрикаға айналды.

О баста он екі-ақ адам жұмыс істеген кәсіпорында қазір  жүзден астам маман еңбек етеді.

– Жылдан-жылға өңдірісіміз  кеңейіп келеді. Тапсырыс өте көп. Фабрика ашылған алғашқы жылдары біз кәсіпорындарды аралап, өз өнімдерімізді жарнамалаушы едік. Қазір керісінше кәсіпорындардың өздері кезекке тұратын  болды. Өйткені,  фабрика әуелі сапаға мән береді, одан соң жақсы менеджмент қалыптасқан. Біз тапсырысты тоқсан күн ішінде жеткізіп береміз.  Бүгінгі таңда кәсіпорын еліміздің бүкіл өңірімен тығыз байланыс орнатқан. Оның ішінде Астана, Қарағанды, Ақтау тәрізді бірнеше қаланың кәсіпорындарымен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Әрине,  алғашқы кезекте өзіміздегі «Аллюр», «СарыарқаАвтоПром» тәрізді ірі өндіріс орындарының  қажеттілігін өтейміз. Қысқасы, жұмыс бастан асады. Негізі, елімізде өндіріспен айналысу өте тиімді. Өйткені, бізді мемлекеттің өзі қолдап отыр. Оның үстіне шағын және орта бизнеске аса тиімді бағдарлама көп, – дейді «Азурит» тігін фабрикасы» ЖШС Бас директоры Светлана Шипилькина.

Мұнда бүгінде мектеп оқушыларының формасынан бастап кәсіпорын жұмысшыларының киімдері, тау шаңғысы, демалыс пен турзимге арналған  қысқы спорттық киімдер тігіледі. Сапасы кез келген шетелдік өнімнен кем емес. Бағасы да  арзан. Сондықтан, кәсіпорын дүкеніне бас сұғушылардың қатары қалың.

Бүгін «Азурит» тігін фабрикасына ҚР Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Аққожина келді. Ол кәсіпорынның жұмыс ырғағымен танысып, тігінші қыз-келіншектермен жүздесті.

– Бүгінгі таңда Сенат депуттары өңірлерді аралап жүр.  Ондағы мақсатымыз, өткен үшінші сессияда қандай нәтижелі жұмыстар атқардық, сонымен таныстыру.Сонымен қатар, осы соңғы сессия барысында  қандай заңдар қабылдадық, неістедік, соның бәрін түсіндіріп жүрміз. Негізі,  тұрғын-үй саясаты туралы заң қабылдадық.  Онда халыққа қандай мүмкіндіктер қарастырылды? Бұл ел тұрғындары үшін өте маңызды мәселе. Мәсмелен, жұрт жалға алған пәтерлерін бұдан былай  жекеменшігіне аудара алады. Жалпы, Сенат осы үшінші сессия барысында отыз заң қабылдады. Оның ішінде он үш заңға өзгерістер енгізілді. Он бес заң ратификацияланды. 2025-2027 жылдарға арналған  бюджетке қатысты тағы екі заң қабылдадық, – дейді Бибігүл Бүркітқызы.

Халық қалаулысы фабрика тігіншілерімен кездесу барысында еліміздегі тұрғын-үй саясаты туралы, мемлекеттік сатып алуларға қатысты шараларды, Мемлекет басшысының таяуда ғана жарық көрген мақаласы төңірегінде тұщымды ойларымен бөлісті.

Ол тұрғындардың жер алуға қатысты , қолжетімді баспана туралы сұрақтарына жауап берді.

– Бүгінгі таңда біз бюджеттік заң жобасын, құрылыс, салық, су  Кодекстерін  қарастырып жатырмыз.  Соған байланысты   өңірлерде бірнеше кездесу өткізіп, жергілікті мәслихат депутаттарымен  бірлесіп, жаңа  заң жобаларына енгізілетін өзгерістер туралы елдің пікіріне құлақ аспақпыз. Ел ішінде басқа қандай мәселелер бар, соларды  кейін өзіміздің жұмыс тобында талқылаймыз, – дейді сенатор.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу