Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қостанай облысы мәслихатының депутаттарымен және жергілікті жұртшылықпен кездесті.
Кездесулерде Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың облыста іске асырылу барысы және Сенаттың өңірлерді дамытуға ықпал ету бағытында мәслихаттармен бірлескен жұмысы туралы мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Палата Спикері машина жасауды дамытудың заңнамалық негіздері тақырыбына арналған дөңгелек үстелге қатысты және өңірдегі шойын құю, автомобиль зауыттары мен басқа да ірі кәсіпорындардың ұжымдарымен кездесті.Мәулен Әшімбаев дөңгелек үстелге қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, Мемлекет басшысы елімізде сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін маңызды міндеттер жүктегенін атап өтті. Осы орайда өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде жоғары шекті және қосылған құны жоғары сектор ретінде машина жасау саласы ерекше рөл атқарады. Сондықтан отырыс барысында машина жасау ісіндегі өзекті проблемалар көтерілді. Олардың қатарында қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландырудың болмауы, шикізаттың қымбаттығы, импортқа тәуелділік, өндіріске жаңа технологияларды енгізу сияқты мәселелер бар. Аталған түйткілдерді оң шешу үшін алдымен барлық мүдделі тараптың күш-жігерін ортақ іске жұмылдыру қажет.
«Қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландырудың жеткіліксіз болуы машина жасау саласының дамуын тежейді және оның әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді. Бұл жабдық жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және шығарылатын өнім желісін кеңейтуге инвестиция салу үшін маңызды. Тағы бір мәселе – алюминий, мырыш, мыс, қорғасын сияқты жеткізілетін шикізаттың қымбат және шектеулі болуы. Олардың тізімін кеңейту керек. Сондай-ақ бірқатар компания импорттық жабдықтар мен техника сатып алуды жөн көреді. Бұл елден капиталдың кетуіне әкеліп соғады және өздерінің өндірістік қуатының дамуын тежейді. Осы мәселелерді шешу үшін біз заңдарға толықтырулар енгізу мәселесін қарастырамыз. Бұл істе отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сатып алу жүйесін жетілдіру жәнеқазақстандық тауарларды ішкі нарықта белсенді ілгерілету де маңызды шара екенін атап өткен жөн», – деп, Мәулен Әшімбаев Сенат жанында арнайы жұмыс тобы бар екенін тілге тиек етті.
Оның аясында отандық машина жасау саласын дамытуға арналған идеялар мен ұсыныстар жан-жақты зерделенеді және олар тиісті заң әзірлеу кезінде ескеріледі.
Құмар Ақсақалов атап өткендей, Қостанай облысы машина жасау саласын белсенді дамытуда. Бұл сала өңірдің өнеркәсіптік өсімінің қозғаушы күші болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда шығарылатын барлық автокөліктердің 60%-дан астамы облыстағы зауыттарда құрастырылады. Атап айтқанда, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС кәсіпорнында биылғы жылдың 10 айында 66 мыңнан астам автокөлік шығарылды. Бұл сала қарқынды дамып келеді, алдағы уақытта өндіріс көлемін 270%-ға арттыру жоспарланған.
Сонымен қатар, өңірде автомобиль жасау саласындағы ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында KIA автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы бар. Кәсіпорынды іске қосу 2025 жылға жоспарланған, бұл 1,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, мұндай жобалар өңір экономикасы үшін ғана емес, жоғары білікті мамандар даярлау үшін де маңызды. Dong-Eui оңтүстіккореялық университетімен бірлесіп Қостанай өңірлік университетінің студенттеріне арналған оқу және тәжірибе алмасу бағдарламалары әзірленуде.
Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесу барысында Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуетіне назар аударып, Сенат депутаттары оны іске асыруға заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, іс-шарада өнеркәсіптік, индустриялық өндірісті ұлғайтуға және аграрлық секторды дамытуға арналған жобаларды қолдау мәселесі кеңінен сөз болды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамытудың маңызды екенін айтты. Қостанай облысы айтарлықтай өнеркәсіптік әлеуетке ие. Оның ішінде тау-кен және машина жасау салалары ерекше рөл атқарады. Өңірде көптеген маңызды индустриялық жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Қостанай облысының шаруалары елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және дәнді дақылдардың жоғары өнімділігіне қол жеткізуге елеулі үлес қосып келеді. Алдағы уақытта Парламент Сенаты тарапынан облыстың одан әрі дамуына қолдау көрсетуді жалғастыра береміз», – деді Палата Төрағасы.
Сонымен қатар кездесуде Мемлекет басшысы Мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында айтқан бастамаларды тиімді іске асыру үшін барлық деңгейдегі депутаттардың өзара іс-қимылын нығайту маңызды екеніне баса мән берілді. Мәулен Әшімбаев әріптестерін Парламенттің заңнамалық жұмысына белсенді қатысуға және өңірлердің белгілі бір мәселелерін шешу үшін тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеуге шақырды. Сондай-ақ ол ағымдағы сессияда депутаттық корпус Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстерімен, Банктер туралы жаңа заңмен және Цифрлық кодекспен жұмыс істейтінін айтты.
«Мәслихаттар заңнамалық нормаларды, атап айтқанда, салық заңнамасын талқылауға және әзірлеуге барынша белсенді қатысуы қажет. Бұл ретте салық саясаты әлеуметтік проблемаларды шешудің және экономикалық өсуді ынталандырудың тиімді тетігі болуға тиіс. Біздің міндетіміз – агросектор саласындағы шаруалардың мүдделерін ескеретін, әрі қарай дамуына ықпал ететін және олардың азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан үлесін қолдайтын теңгерімді салық заңнамасын құру. Сондай-ақ Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мәслихаттар өңірлердегі маңызды міндеттерді тиімді іске асыра алатын қоғамдық саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыру орталығына айналуға тиіс. Сондықтан азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өңірлердің проблемаларын шешуге ықпал ете отырып, осы және басқа да бағыттарда бірлесіп, белсенді жұмыс істейміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесу барысында қозғалған басты тақырыптардың бірі – инфрақұрылымды дамыту және ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау болды. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, биыл облыста сумен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Сумен жабдықтау және су тарту бойынша 81 жобаны жүзеге асыруға 21 миллиард теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 15 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылады, бұл ауылдық жерлерде ауыз суға қолжетімділікті 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері 379 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ал жыл соңына дейін 5 мың пәтердің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. «Қостанай жастары» бағдарламасы аясында жастарға арналған тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бағдарлама арқасында шамамен 140 отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсарта алады. Бұл бағытта Сенат спикері өңір басшылығының ұстанымын қолдады.
«Ауылдық аймақтар – бұл тек еңбек ететін орын ғана емес, сонымен бірге лайықты өмір сүру кеңістігі. Мемлекет басшысы ауылдық жерлердегі азаматтардың қала тұрғындарымен тең өмір сүру жағдайларын жасау қажеттігін нақты атап өтті», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысының айтуынша, соңғы екі жылда облысқа 1 миллиард АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тартылған. Алдағы жылдары шамамен 1,5 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Құмар Ақсақаловтың пікірінше, машина жасау, металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сияқты негізгі салаларды дамыту Қостанай облысының елдегі өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша үздік үштікке енуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сапар аясында Сенат Төрағасы KІА автомобильдерін шығаратын зауыт құрылысының барысымен танысты. Одан бөлек, «KamLitKZ» ЖШС темір құю зауытына, «СарыарқаАвтоПром» және AGROMASH кәсіпорындарына арнайы барды.Сенаторлар балаларға арналған «IQostanay» SMART-орталығының шәкірттерімен де кездесті. Онда қазіргі таңда екі мыңға жуық оқушы қосымша білім алып келеді. Орталықта 24 үйірме жұмыс істейді және заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған киберспорт, инженерия, авиамодельдеу кабинеттері, химия және физика зертханалары, жаңартылатын энергия көздеріне арналған зертхана, акт, оқу және хореография залдары бар.
Суреттер Сенат Төрағасының баспасөз қызметінен алынды