«IQostanay» SMART-орталығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілдері аймақтың сарапшылар қауымдастығымен кездесу өткізді.
Іс-шара Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды.
Кездесуде аймақтың адами капиталын дамыту мәселелері талқыланды. Сарапшылар облыстың еңбек нарығының жағдайына қатысты пікір білдіріп, кадрларды, оның ішінде жұмысшы мамандықтарын даярлаудың аймақтық ерекшеліктері, мектептердегі кәсіби бағдар жұмысының аспектілері туралы ой бөлісті.
Өз кезегінде Сенат өкілдері Палатаның жанындағы Сарапшылар клубы және «Талдау мектебі» сияқты қоғамдық жобалары туралы айтты. Бұл бастамалар заң шығарушы биліктің сарапшылар қауымдастығымен өзара байланысын нығайтуға және мемлекеттік басқарудағы аналитикалық жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған.
Іс-шараның маңызды бөлігі Сенат Төрағасының «IQostanay» SMART-орталығын аралап, сарапшылармен жеке кездесу өткізуі болды. Сұхбат барысында Мәулен Әшімбаев сарапшылар қауымдастығымен белсенді ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, мұндай өзара іс-қимыл форматы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тиімді шешімдер табуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Кездесуге ғылым, мемлекеттік сектор, бизнес және басқа салаларда еңбек ететін Қостанай облысының 30-дан астам сарапшысы қатысты.
Бұл кездесу Парламент Сенаты мен өңірлік сарапшылар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда, сондай-ақ, аймақтық даму міндеттерін шешудің жаңа тәсілдерін ұсынуда маңызды қадам
болды.