9 июня, 2025
Сатыбалды Дәулеталин: «Жұмысшы мамандықтарының беделі тек жұмыс берушілерге ғана емес, жұмысшылардың өздеріне де байланысты»

Сатыбалды Дәулеталин: «Жұмысшы мамандықтарының беделі тек жұмыс берушілерге ғана емес, жұмысшылардың өздеріне де байланысты»

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин астықты өңірге жұмыс сапары барысында Рудный қаласындағы «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ болды. Онда еңбек ұжымымен кездесіп, кәсіпорынның әлеуметтік инфрақұрылымымен танысты. 

Төраға сапар барысында өңірдің әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуалмен танысып, әлеуметтік әріптестікті дамытудың келесі қадамдарын талқылады. Сондай-ақ, кәсіпорындардың қарапайым жұмысшыларымен тікелей диалог жүргізді.

«Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ (ССКӨБ) – Қазақстан тау-кен өнеркәсібінің темір кені алыбы, минералды ресурстарды өндіру және байытумен айналысады. 1954 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде 12 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның барлық қызметкерлері кәсіподақ мүшесі. Бас директордың міндетін атқарушы Павел Маевскийдің айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты ССКӨБ өнімдерін импорттаушылар саны, атап айтқанда Ресейден, азайған. Дегенмен, кәсіпорын өнімдеріне Қазақстан және Қытай нарықтарында сұраныс бар, оларға темір кені концентраты мен окатыштар жеткізіледі. ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация жыл сайын 3 миллион тонна темір кені өндірілетін Соколов карьерінде болды.

Сарыбай кен өндіру цехының бастығы Евгений Черновтың сөзінше, қазіргі уақытта мұнда 600 адам жұмыс істейді.

«Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ барлық қызметкерлері компанияның Корпоративтік университетінде білімдері мен біліктіліктерін арттыру мүмкіндігіне ие. Сатыбалды Дәулеталин осы орталыққа ат басын тіреді. Оқу процестері туралы толық ақпаратпен Корпоративтік университет менеджері Мария Гирфанова бөлісті. Оның айтуынша, жылына 15 мыңға жуық адам – «ССКӨБ» АҚ, ERG Service, «Қашар кені» КБРУ қызметкерлері оқудан өтеді.

 

 «Оқыту екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Міндетті оқу бағдарламаларының қатарында: өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қауіпсіздік; өртке қарсы техникалық минимум, биіктікте жұмыс істеу қауіпсіздігі, электр қауіпсіздігі және басқалары оқытылады. Оқу үдерісінде инновациялық технологиялар қолданылады – ірі жүк көлігі карьерлік самосвалдардың, карьерлік экскаваторлардың тренажер-симуляторларынан бастап виртуалды шындық көзілдіріктеріне дейін бар», – деді ол.

Корпоративтік университеттің оқу сыныптарының бірінде ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «ССКӨБ» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Кәсіпорынның кәсіподақ комитетінің төрағасы Ерлан Әлкенов өткен жылдың соңында жасалған ұжымдық шартта бекітілген, жұмысшылар үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасау бойынша жұмыс берушімен өзара іс-қимыл туралы айтып берді.

«Ұжымдық шартқа енгізілген жаңалықтардың бірі – барлық төлемдер енді ақшалай түрде емес, айлық есептік көрсеткіштермен жазылады. Сондықтан, жыл сайын төлемдер индекстеліп отырады. Биыл жалақыны индекстеу 8,5 пайызды құрады», – деді Ерлан Әлкенов.

Өз кезегінде, кәсіпорын жұмысшылары кәсіподақ ұйымының жұмысының маңыздылығын атап өтті. Жас экскаватор машинисі Жомарт Сұлтанбек ұжымдық шартты монетизациялау бойынша жеке есептеулерімен бөлісті.

 

 «Аға әріптестерімнің бірі «біздің кәсіподақ жарналарымыз қайда кетеді?» деген сұрақ қойғанда, мен талдау жасап, өз есептеулерімді жасауды ұйғардым. Жалақымның бір пайызын ай сайын кәсіподаққа аудара отырып, біз ұжымдық шарттың арқасында мүмкін болатын ондаған есе көп игіліктер аламыз. Бұл – спортзалда мүлдем тегін жаттығуға, медициналық қызмет алуға, сапалы тамақтануға, адал еңбегі үшін көтермеленуге мүмкіндік. Осы мүмкіндіктердің барлығын есептесек, біздің жарналарымыздың қайтарымы көп еселенеді. Сондықтан мен алғашқы күннен бастап кәсіподақтамын», – деді ол.

Кәсіпорын жұмысшыларымен сөйлескен ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу туралы шешімінің маңыздылығын атап өтті.

 «Мемлекет басшысы тарапынан еңбек адамына баса назар аудару – маңызды және уақтылы қадам, оны кәсіподақтар сөзсіз қолдады. Жұмысшы мамандықтарына сұраныс тек өсе береді. Осыған байланысты айта кеткім келеді, қазіргі заманғы жұмысшы – бұл ең алдымен жоғары білікті маман. Жұмысшы мамандықтарының беделі тек жұмыс берушілерге ғана емес, жұмысшылардың өздеріне де байланысты. Егер білім, дағдылар мен құзыреттер болмаса, адам ұтылады. Сондықтан жұмысшылардың әрі қарай дамуға мүдделі болуы және бәсекеге қабілетті болуы үшін жағдай жасау өте маңызды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Әлеуметтік әріптестік аясында ҚР Кәсіподақтар Федерациясының қызметі туралы айта келе, ол барлық әлеуметтік әріптестер үшін басты құндылық Еңбек адамы болып қалуы тиіс екенін атап өтті.

 «Кәсіподақтардың пікірінше, бүгінде әлеуметтік әріптестердің алдында нақты мақсаттар тұр – жұмысшы мамандықтарының беделін қайтару, жоғары білікті жас мамандарды тәрбиелеу және олар үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасау. Ол үшін не қажет? Ең алдымен, лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайлары, оқуға және біліктілігін арттыруға мүмкіндік беру, әлеуметтік бағытталған ұжымдық шарттар қабылдау қажет», – деп тізіп берді ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы.

Еңбек ұжымымен кездесу барысында кәсіпорын жұмысшыларының еңбегі атап өтілді.

 

Сатыбалды Дәулеталин автосамосвал жүргізушісі Любовь Бабашеваны, фабрика кешенінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Алексей Бойконы, жер асты учаскесінің тау-кен қазбашысы Кәрім Дәненовты «Еңбек озаты» кәсіподақ медалімен марапаттады. «ССКӨБ» АҚ-ға барған кезде ҚР Кәсіподақтар Федерациясының делегациясы сондай-ақ кәсіпорынның спорт кешенінде жұмысшылар үшін жасалған жағдайлармен танысып, 1200 оқушы орнына арналған жалпы білім беретін мектеп құрылысының алаңында болды – бұл кәсіпорынның кезекті әлеуметтік жобаларының бірі. Сатыбалды Дәулеталин «ССКӨБ» АҚ-дағы әлеуметтік әріптестіктің дамуына жоғары баға берді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЙ