Сарыкөл ауданындағы Ө.Сұлтанғазин атындағы жалпы білім беретін мектебінде оқушылар мемлекеттік тілде білім алып келеді.
Отанымыздың болашақтары ұлттық құндылықтарымызбен сусындап, отансүйгіштікке тәрбиеленуде. Олар жыл сайын ұлттық мақтанышымыз – мемлекеттік рәміздер туралы білімдерін толықтырып, құрметтеуге үйренеді. Жаппай Әнұранымызды шырқап, көк туымызды түрлі жарыстарда көкке көтеріп, елтаңбамыздың қыр-сырымен қанығады.
– Елін, жерін сүю мен Отанға деген адалдықтың бір белгісі – мемлекеттік рәміздерімізді қадір тұту. Жас ұрпақты елжандылық негізде тәрбиелеуде мемлекеттік нышандардың алар орны ерекше. Сондықтан, олардың болашақта ел сенімін ақтайтынына сеніміміз кәміл, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлім Асанова.
Бұл білім ордасында талантты да дарынды оқушылар жетерлік. Мектеп мақтанышы, мектеп шараларына белсенді қатысып қана қоймай, мектеп өміріне жауапкершілікпен қарайтын 11-сынып оқушысы Индира Әбдрахманова бірнеше байқаулардың жүлдегері әрі жеңімпазы. Айталық, республикалық «Жарқын болашақ» және қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша республикалық пәндер олимпиадасы бойынша аудан және облыс кезеңінің жеңімпазы. Бұдан бөлек, «Білім ғана жүрекке шырақ жағар» атты облыстық эссе байқауы мен аудандық тілдер орталығы ұйымдастырған сайыстардың бірнеше мәрте жүлдегері. «Қазақстан ұстаздары» қоғамы ұйымдастырған «Физика» пәні бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпазы.
Сонымен қатар, Индира «Адамзаттың Абайы» атты әдеби-сазды кешінде қара сөзді жатқа нақышына келтіре оқу сайысы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 175 жылдығы мен дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орайластырылған VII аудандық «Сөз құдіреті» мәнерлеп оқу байқауларының 1-орын иегері.
Ал, мектептің тағы бір жетістікке жетіп жүрген оқушысы – Мырзабаев Әли. Оның да жеткен жетістіктері бір төбе. Спорттық жарыстарға қатысып қана қоймай, өзін биіктерден көрсете білді. Айталық, Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен классикалық шахматтан өткен Қостанай облысы чемпионатының жеңімпазы және «Мирошнеченко» бокс мектебіндегі квалификациалық шахмат турнирінің жеңімпазы атанды. Бұдан бөлек, «Қош келдің, әз -Наурыз» атты аудандық эссе жазу байқауында үздік танылып, аудандық робототехника сайыстарының бірнеше мәрте жүлдегері болды. Сонымен қатар, математика пәні бойынша да республикалық пәндер олимпиадасының аудан кезеңі бойынша жеңіске жетті.
Сондай-ақ, түрлі байқаулардың жүлдегері, үздіктердің бірі – Нұрислам Оразбайдың да арманы асқақ. Өскенде елдің игілігіне қызмет ететін тұлға болғысы келеді.
-Мен үшін мемлекеттік рәміздердің орны бөлек. Кішкентайымнан ата-анам маған осы құндылықтарды құлағыма құйып үйретті. Болашақта көк туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатқым келеді, – дейді 5 сынып оқушысы Нұрислам Оразбай.
Міне, осындай тәуелсіз қазақ елінің жас ұландарыөз жерімізді, өз елімізді әкелер мен аталарымыз сияқты қадірлеуге,сүюге, қорғауға тиіс екенін естен шығармайды.
Сарыкөл ауданы.