Республика күні қарсаңында Қостанай ауданының Садовой ауылында су құбыры іске қосылды.
Нысан құрылысына 410,1 млн теңге жұмсалған. Бас мердігер — “СтройСвязьКомпани” ЖШС. Салынған су құбырының жалпы ұзындығы жеті шақырымға жетеді. Осы жүйенің іске қосылуы арқылы ауыз сумен қамтылған елді мекендер үлесі 2,6 пайызға арта түсті. Бұл іс-шараға өңір басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов қатысып, ауылдықтарға құттықтау лебізін жолдады.
«Мұны Садовый ауылы үшін ерекше оқиға деп білеміз. Ауыз суға қолы жеткен ауылдар қатары толыға түсті. Жалпы, Қостанай ауданының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтуға биыл 3,7 млрд теңге бөлінді. Бүгінге дейін үш су құбыры іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы алты жоба аяқталады. Келесі жылы да алты елді мекен ауыз сумен қамтылмақ. Осылайша бұл жоспар ауданда толығымен орындалады», – деді Б.Таңжарықов.
Садовый ауылының тұрғындары да разылығын жасырмай отыр. Олар елді мекендегі ең басты мәселенің шешімін тапқанына ерекше қуанышты.
«Бұл – ауылымыз үшін үлкен той. Осындай игілік үшін Перзидентке, облыс, аудан әкіміне рахмет айтамыз. Осыған дейін, он шақты жыл көлемінде суды сатып алып, тасымалдап ішіп келдік. Шынымен де қиын кездер болды. Бірақ енді бүгін оның бәрі артта қалды. Су тарту жұмысымен айналысқан азаматтарға да алғыс айтамыз. Бұл мереке қарсаңындағы ерекше сыйлық болды. Барлығыңызды құттықтаймын, жерлестер», – дейді ауыл ақсақалы Мұрат Мәжитұлы.
Жалпы, облыста сумен қамтамасыз етуге арналған 77 жоба қолға алынғын. Оған 20 млрд теңге қаражат бөлінді. Биыл облыстың 15 мыңға жуық тұрғыны ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген — Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ