Сабақты ұлттық ойындармен ұштастырғанда

Сабақты ұлттық ойындармен ұштастырғанда

Еліміз оқу жүйесін түбегейлі жаңартуға бел буған. Қазіргі заманда қоғам мектептегі мұғалімге жаңаша талап қойып отыр. Бүгінде мұғалімнің біліктілік деңгейі де, ішкі жан-дүниесі де жетілген, жан-жақты болуы шарт. Өйткені біз алдымызда отырған оқушыларды рухани жан-дүниесі бай, білімді, тәрбиелі, жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде қалыптастыруымыз керек. Бізден кейінгі ұрпақты біліммен сусындату, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда қолдана білетіндей дәрежеге жеткізу міндет. Уақыттан қалыс қалмау үшін мұғалім әркез өз деңгейін жан-жақты жетілдіріп отыруы шарт. Сондықтан, дүниежүзі мұғалімдері қолданатын зерттеу жұмыстарына біз де белсенді араласуымыз қажет деп ойлаймын.

Биылғы оқу жылында, Action Research зерттеуі бойынша мен «Оқытудың белсенді әдістері қазақ тілі сабағында 2-сынып оқушыларының ауыз- ша тілін дамытуға қалай әсер етеді?» тақырыбын алдым. Сыныптағы сабақ үрдісі бойынша проблеманы анықтап, тақырып таңдалғаннан кейін іс-әрекет жоспарлау, әрекет, бақылау және бағалау кезеңдерімен кезектесіп жүзеге асты. Зерттеу жұмысы мұғалімге күнделікті оқу үдерісінде кездесіп жүрген проблеманы анықтап, оны шешу бағытында бірнеше (мақсатқа жеткенге дейінгі) айналымдық әрекет жасауға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл – практика мен теорияны ұштас- тыратын жоба.

Жобаның қорытынды сабағын 2 «А» сыныбында белсенді әдістерді қолдана отырып, «Ұлттық ойындар» тақырыбында ашық сабақ өткіздім. Екінші сынып оқушылары сабақ барысында «Бәйге», «Тоғызқұмалақ», «Арқан тарту», «Ханталапай» сияқты қазақ халқының ұлттық ойындарымен танысты. Ашық сабақ заманауи сабаққа қойылатын барлық талаптарды ескере отырып, жоғарғы әдістемелік деңгейде өтті. Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушылар оқу материалын тез меңгерді. Оқушылар сабақтың мақсатын анықтап, сол мақсатқа қол жеткізе алды. Жұптық, топтық, жеке жұмыстар орындады. Сабақтың ең қызықты сәті оқушылар асық ойынын ойнап, асық туралы ән айтты. Сабақ соңында оқушылар тәтті сыйлықтармен марапатталды.

Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге жеткен өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ұлттық ойындар – бастауыш мектеп балаларының негізгі іс-әрекеті, оқудың маңызды құрамды бөлігі, дидактикалық ойынның бір түрі.

Ұлттық ойын оқушылардың оқу әрекетін жандандырады, еңбекте дербестік пен инициативаны, жолдастық пен өзара көмекті дамытуға жол ашады. Ұлттық ойынның ең басты ерекшелігінің бірі – балалардың білімді игеруде ақыл-ой қызметін дамытатын, өзара қарым-қатынас жасауға жеткен жетістіктерінің, дәрежесінің көрсеткіші. Екіншіден, оның ұжымдық сипатта болатыны. Бастауыш сынып оқушыларының білуге деген ынтасы мен мүмкіндіктерін оқу процесінде үздіксіз дамыту, сабақ барысында алған білімдерін тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыру үшін ұлттық ойын элементтерін пайдаланудың орны ерекше.

Арайлым БУТАГАРИНА,

Қостанай қаласы білім бөлімінің №16 ЖББМ қазақ тілі пәнінің мұғалімі

Жаңалықтармен бөлісу