С. Жақыпова Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Еңбек министрлігі жоспарлаған іс-шаралар туралы хабарлады

С. Жақыпова Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Еңбек министрлігі жоспарлаған іс-шаралар туралы хабарлады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында 2025 жылға жоспарланған іс-шаралар кешені туралы айтты.

Министр сөз басында жұмысшы мамандықтары қазақстандық еңбек нарығының негізі болып қала беретінін атап өтті. 4,8 миллион адам немесе барлық жұмыс істейтін азаматтың 52%-ның кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Бұл 2,3 миллионға жуық адам, олар 2,2 мың жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Мұндай мамандарға деген жоғары сұраныс көптеген бос жұмыс орындарымен расталады – өткен жылы 270 мыңнан астам бос жұмыс орнын құрады. Жұмысшы кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда көбірек сұранысқа ие.

«Актуарлық модельдер негізінде әзірленген болжамдарымыз алдағы жылдары жұмысшы кадрларға деген қажеттілік тек арта түсетінін көрсетеді. Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам деп жоспарлануда, оның ішінде кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыскерлерге жартысынан астамы тиесілі, олардың 400 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары болып табылады. Оларға мамандандырылған техниканың жүргізушілері, сантехниктер, дәнекерлеушілер, құрылыс мамандықтары мен техникалық бағыттағы жұмысшылар жатады», – деді Светлана Жақыпова.

Оның айтуынша, кадрларды даярлауды, оның ішінде жұмысшы мамандықтарды тиімді жоспарлау мақсатында жобалардың Инновациялық навигаторы әзірленген.

«Платформа қазірдің өзінде кадрларға деген қажеттілікті болжауға, сондай-ақ еңбек нарығының сұраныстарын ТжКБ ұйымдарында мамандар даярлаумен үндестіруге мүмкіндік береді. Жұмыс орындарын құру көрсеткіштері, еңбекақы қорының мөлшері, жалақыны уақтылы төлеу және әлеуметтік аударымдар негізінде біз жобалардың тиімділігін бағалауды жүзеге асыра аламыз. Бүгінде 150 мың жұмыс орнын құратын 755 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізілуде», – деді Светлана Жақыпова.

Министр талдау барысында әртүрлі өңірдегі еңбек нарығының қажеттіліктері мен колледж студенттерінің (ТжКБ) нақты түлектері арасындағы елеулі алшақтық анықталғанын атап өтті. Ең үлкен алшақтық құрылыс саласында және өнеркәсіпте байқалады. Сонымен қатар, кадр тапшылығының өңірлер бойынша біркелкі бөлінбеуі байқалады.

«Біз сондай-ақ Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды аяқтадық және олардан деректер түскеннен кейін кадрларды даярлауды мемлекеттік бюджет есебінен іске асырылатын жобалармен үндестіре аламыз», – деп толықтырды Еңбекминінің басшысы.

Кадрларды даярлау сапасын қамтамасыз ету үшін жұмысшы кәсіптері бойынша 1,6 мың кәсіптік стандарт жаңартылды. Олардың негізінде білім беру бағдарламаларының 87 % жаңартылды. Еуроодақ елдерінің стандартын қолдана отырып, 12 мыңнан астам дағдыларды қамтитын Электрондық дағдылар банкі құрылды.

«Осы жылы тағы 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылуда. Біліктілікті тануды бағалау 4 тәуелсіз орталықтың базасында басталды. Биыл біз осындай тағы 5 орталықты, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша 2 орталықты ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Светлана Жақыпова.

Кәсіби мансапты таңдау және өзінің мансаптық траекториясын басқару үшін «Мансап компасы» жобасы іске асырылуда.

Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік оқыту және жұмыс орнында оқыту белсенді дамып келеді. Биыл 12 мыңға жуық адам осындай курстардан  өтеді.

Студенттердің практикалық дағдыларды игеруі үшін Электрондық еңбек биржасында өндірістік практикадан өту орнын табуға мүмкіндік беретін функционал іске қосылды.

Онлайн оқыту платформасында бүгінде 643 курс қолжетімді, 410 мың адам оқытылды.

Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес тәлімгерлік институтын дамыту, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу және оқушылары мен ТжКБ студенттерін жұмыс іздеу мен жұмысқа орналастыру дағдыларына оқыту көзделген.

Еңбекминінің басшысы жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды күшейту үшін ведомство әлеуметтік әріптестермен бірлесіп іске асыратын шаралар туралы да айтты.

1) Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы цифрлық мониторинг арқылы өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру, кәсіпорындарға тәуекел класын бере отырып, кәсіптік тәуекелдерді интегралды бағалауды енгізу, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға және мамандандырылған ұйымдарға жауапты адамдарды оқытуға және олардың білімін тексеруге қойылатын талаптарды күшейту.

«Сонымен қатар біз еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту мәселесін қарастыруды жоспарлап отырмыз», – деп қосты Светлана Жақыпова.

2)Еңбек қатынастарының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілердің штат кестесін орналастыруын, еңбек және ұжымдық шарттар жасасу рәсімдерін электрондық форматқа ауыстыруды көздейтін еңбек қатынастарын декларациялау тетіктерін енгізу жоспарлануда.

3)Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастық шеңберінде заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды көздейтін лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары іске асырылатын болады.

«Өткен жылы біз халықаралық стандарттарды ескере отырып, ең төмен жалақы мөлшерін белгілеу әдістемесін бекіттік. Биыл Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы» № 131 Конвенциясын ратификациялауды жоспарлап отырмыз.

Айтылған шараларды іске асыру үшін ХЕҰ-ның жобалық кеңсесі құрылады, оның жұмыс бағыттары айқындалып қойған», – деп хабарлады Светлана Жақыпова.

Сөз соңында ведмство басшысы соңғы жылдары Министрлік азаматтарды және еңбек саласындағы бизнесті қолдаудың дамыған жүйесін құрғанын атап өтті. Ол көптеген онлайн қызметтерді біріктіреді және жұмыс іздеуден және өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, кәсіби дағдыларды дамытуға, оның ішінде жұмысшы мамандықтарына дейінгі көптеген міндеттерді шешеді.

«Жұмысшы мамандықтары саласындағы аса маңызды жобалардың бірі Кәсіпорынның цифрлық картасы болып табылады. Бұл бізге нақты уақыт режимінде кәсіпорындардағы тәуекелдерді алдын ала анықтауға және алдын алу шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Модельде қаржылық, әлеуметтік және еңбек сияқты 60-тан астам көрсеткіш бойынша мәліметтер қолданылады. Бұл бізге жоғары тәуекелге байланысты жұмыс мамандықтарына ерекше назар аударуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның цифрлық картасын бұрын құрылған Отбасының цифрлық картасымен үйлестіру жаңа мүмкіндіктер ашады. Жұмыс беруші кәсіпорындағы жұмыскерлердің әлеуметтік әл-ауқатын ескере отырып, тәуекелдерді автоматты түрде анықтай алады. Мысалы, егер жұмысшы баспанаға мұқтаж болса, оның отбасы көпбалалы  немесе онда мүгедектігі бар адам мәртебесі берілген мүшесі болса, жұмыс беруші мұны біліп, тиісті қолдау көрсете алады. Бизнес үшін Кәсіпорынның цифрлық картасы – бұл жұмыскерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыруға арналған құрал», – деп түйіндеді министр.

Жаңалықтармен бөлісу