Рудныйлық қандас: “Ана үшін нағыз бақыт – баласының бақытын көру”

Рудныйлық қандас: “Ана үшін нағыз бақыт – баласының бақытын көру”

Былтыр Үкімет қаулысымен Аналар күні маусым айының екінші жексенбісі болып бекітілген еді. Бүгін осы мереке алғаш рет тойланып, ақ жаулықты аналар бала-шағаларының ортасында шаттыққа кенеледі.

Тәуелсіз ел болғалы тұңғыш рет қалыптасып отырған бұл мейрамның Ұлбосын Тугжимова үшін орны ерекше. Себебі, қазақ жеріне 2004 жылдың желтоқсанында табаны тиген қандас бауырымыз үшін ерекше тосынсый. Өзбекстанның Науаи облысынан кеншілер шаһарына қоныс аударғалы аналарға арналған мұндай дербес мереке елімізде болмаған. Тосынсый деп отырған себебіміз, аналардың құрметіне алғаш аталып өткелі тұрған мереке ақ халатты абзал жанның мейрамымен тұспа-тұс келіп отыр.

“Қазақстан жеріне 2004 жылы алғаш табаным тиіп, келер жылдың жаз айында көшіп келдік. Екі баламыз ол кезде оқушы еді. Жандосымыз бесінші сынып, Елдосымыз бірінші сыныпты бітіріп Өзбекстаннан бітіріп келді”, – деп бастады кейіпкеріміз әңгімесін.

Балалары Рудныйдың он тоғызыншы мектебіне орналасты. Өзі қалалық балалар емханасына қызметке тұрды. Отағасы әуелгі кәсібі байланыс қызметін таңдап, Қазақтелеком компаниясының білікті маманына айналды. Бір қызығы, үлкен баласы Жандос пен екі келіні де медицина жолын таңдаған.

Бүгінде Жандосы қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары болып қызмет атқарады.

“Жандос медицинаға бала кезінен жақын болды. Ол уақытта Балалар жұқпалы аурулар ауруханасында істейтін едім. Үйге жууға бас киім, халаттарымды әкелетінмін. Ол болса, айналсоқтап сол жерден шықпайтын. Бас киімдерді бірінен соң бірін ауыстырып, “Мен өскенде дәрігер боламын!” деп жар салатын”, – деп еске алады Ұлбосын Тугжимова.

Кейін есейді, мектеп табалдырығын аттайтын күн де жақындады. ҰБТ тапсыратын кезде өз еркімен биологияны таңдады. Қарағанды медициналық институтының грантын ұтып алып, 2017 жылы аяқтады.

“Бір бала қылып оқуға жіберіп, екі бала қылып қабылдап алдым. Қазір екі перзенті бар. Келінім – педиатор”, – дейді Ұлбосын Тугжимова.

Екінші балалары Елдос кен байыту комбинатында жұмыс істейді. Қостанай педогогикалық колледжі дене шынықтыру факультетінің үздік түлегі. Кейін  комбинатқа жұмыс ауыстырған Елдос алдағы уақытта Рудный индустриялық институтына құжат тапсыруға талаптанып жатыр.

“Ана үшін нағыз бақыт – баласының бақытын көру. Жуырда екінші келінімді де түсіріп алдым. Ол да медбике. Менімен бір емханада істейді. Екі құдағиым да мұғалім”, – дейді Ұлбосын Тугжимова.

Жандостың енесі Шымкент қаласында тұрады. Жоғары сыныптарға қазақ тілінен сабақ береді. Кіші келіннің анасы Рудный қаласының тұрғыны. Бастауыш сынып мұғалімі.

 

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу