Кеншілер қаласындағы кезекте тұрған баспанасыз отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар жаңа жылдың алдында жаңа қоныстарына кірді.
Қалада өткен ғасырдың ортасында бой көтерген үйлердің біразы қаңырап, бос қалған еді. Енді, міне, сол үйлер жаңа кейіпке еніп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрғындар игіліне беріліп отыр.
Жергілікті биліктің бұл бастамасы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған. Пәтер кілтін табыстау салтананатына Рудный қаласының әкімі арнайы қатысты.
“Тәуелсіздік күні қарсаңында пәтер кілттерін табыстап отырмыз. Биыл қалада осы сынды екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл үшінші көппәтерлі тұрғын үй. Жыл соңына дейін тағы бір тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз білесіздер бұл үйлер көп жылдан бері бос тұрды. Осы жылы жаңғыртып, жөндеуден өткізіп қолданысқа бергенді жөн санап, шешім шығардық. Құрылыс жүргізген мердігер ұйым жұмысты тыңғылықты істеді. Сапасы да жақсы. Біз жөндеу жұмысы жүріп жатқанда бірнеше рет тексеріп келіп кеттік. Ішкі жұмыстардың барлығы жасалған, тек келіп тұра беруге болады. Сіздерге тілегім, берекелі баспана болсын. Сәбидің күлкісі сыңғырлап, осы үйде өсіп-өніңіздер”, – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.
Бұл үйдің құрылысын бастан-аяқ жүргізген “ЕлордаИнвестСтрой” мердігер ұйымы. Мердігер компания төртінші жыл қатарынан Тобыл өңірінде қызмет етіп келеді. Жалпы тұруға арналған көлем 1118,8 шаршы метр және тұрғын үйде 18 пәтер бар.
“Бұл тұрғын үйді қалыпқа келтіруге жарты жыл уақыт кетті. Барлық коммуникациялық желілерді жаңаладық. Шатырдан бастап жертөлеге дейін ұқыпты істедік. Басында пәтерді жеке-жеке сатылымға шығарамыз деп ойладық. Жарнамасын да бердік. Кейін Рудный қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастар бөлімі сатып алды. Біз жұмысты бағамдай келе, бір шаршы метрін 250 мыңнан есептедік. Бір жерден сатып алушының табылғаны, бізге де тиімді болды. Әкімдік тұрғын үй кезегінделігерге беріп, кезек санын қысқарта алды. Құрылыс саласында тәжірибеміз мол. Бұған дейін Астана, Қостанай қалаларында тұрғын үй құрылысын жүргіздік. Тобыл қаласында да үй салдық. Бұл Рудный қаласындағы соңғы жұмысымыз емес деп есептеймін. Алдағы уақытта да құрылыс жұмысын жүргізетін боламыз”, – дейді “ЕлордаИнвестСтрой” ЖШС директоры Мағжан Жаңабаев.
Баспаналы болғандардың қатарында көп балалы отбасылар, жетімдер, әлеуметтік осал азаматтар, зейнеткерлер және бюджеттік сала мамандары бар. Жаңа пәпер иелері өздерінің қуаныштарымен бөлісіп, мемлекеттің қамқорлығына ризашылықтарын білдірді.
“Үй кезегінде 13 жылға жуық уақыт тұрдым. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Жанкелдин ауданынан Рудныйға қоныс аударғанымызға жиырма жылдан асты. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрып келдік. Пәтердің бөлмелері кең екен. Екі бөлмем, үш бөлмеге бергісіз. Әкімдікке алғысым шексіз. Мұндай пәтерге қол жеткізем деп ойлаған жоқпын. Барша үй күтіп жүрген жандар мен сияқты баспаналы болсын. Әулетім келіп құттықтап жатыр. Өзіміз өскен-өнегн әулетпіз. Алты балам бар. Барлығы қызметте. Немерелерім өсіп жатыр. Ел аман болсын әрқашан”, – дейді пәтер иесі Бақытжан Тайпин.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Айбек ЖҮЗБАЙ