Рудный қаласында қарасораға ұқсас өсімдік өсірілген жылыжай табылды

Рудный қаласында қарасораға ұқсас өсімдік өсірілген жылыжай табылды

Полицейлер Рудный қаласы тұрғынынан қарасора бұталарын, қару-жарақ пен заңсыз алкоголь өнімдерін тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Қарасора” жедел алдын алу шарасы барысында Рудный қаласының тұрғынынан жылыжайда өсірілген, құрамында есірткісі бар өсімдікке ұқсас 65 бұтаны тәркіледі.
– Рейд барысында полиция қызметкерлері жылыжайдағы жеке үйдің ауласынан құрамында есірткісі бар өсімдікке ұқсас бұталар плантациясын тапты. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып, сараптама тағайындалды, – деді Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметов.

Үйдің ауласын санкцияланған тінту кезінде полиция қызметкерлері 200 литрлік үш пластикалық бөшке тапты. Оларда алкоголь иісі бар сұйықтық, екі жапсырма орамы және 37 құты спирттік ішімдік болған. Сондай-ақ, жауынгерлік қару саналатын, 9 мм патрондары бар қолдан жасалған тапанша тәркіленді. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтармен бөлісу