Рудныйлық егіздердің жұмбақ өлімі Мәскеуде зерттеліп жатыр

Рудныйлық егіздердің жұмбақ өлімі Мәскеуде зерттеліп жатыр

Алты жасар ағайынды Әмір мен Ілиястың қазасының себебі әлі нақты анықталмай отыр. Рудный полиция басқармасының бастығы Болат Иманов халыққа есеп беру кездесуінде осы мәселеге тоқтала өткен, деп хабарлайды  iagorod.kz сайты.
Былтыр басқарма бастығы шетелде қосымша сараптама жүргізілетінін мәлімдеген. Бүгін сот-медицина сараптамасы Мәскеуде жасалып жатқанын нақтылап айтты.

– Қазақстанда жасалған сараптама балалардың неден көз жұмғанын дәл анықтап бере алмады. Біз мәскеулік әріптестерімізбен байланысқа шықтық. Бұл мәселемен біздің қызметкер, тергеу бөлімі басшысының орынбасары Денис Бай айналысып жатыр. Ол сараптамаға қажет сынамаларды арнайы Мәскеуге алып барды”, – деген Б.Иманов сөз тізгінін қызметкеріне берді.
-Бұл өте түйткілді мәселе болып шықты, балалардың ұшыну себебін анықтау қиынға соқты. Біз Минск Конвенциясы тәртібімен халықаралық сұрау дайындап, заттай айғақтар жөнелтілді. Қазір сараптамамен Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің Сот-медицина сараптамасы институты айналысып жатыр. Егіз балалар қазасының себебі айқындалады деп сенеміз. Қайғылы оқиғаның барлық жай-жапсарын анықтау мақсатымен басқа да шаралар жүргізіліп жатыр, – деді полиция подполковнигі Денис Бай.
Рудный ПБ бастығы Б.Иманов осы жылдың наурыз айында Мәскеуге қайтадан ұшып бару жоспарланып отырғанын, көп күттірген зерттеу қорытындысына қол жетер деген зор үміт барын айтты.
– Бұл мәселе Рудный қауымдастығын ғана алаңдатып отырған жоқ, ол Президен аппаратының, Бас прокуратураның және ІІМ-нің бақылауында, – деп толықтырды Иманов.
Естеріңізге салайық, алты жасар егіз балалар 2022 жылы 13 қазанда пәтерде өлі табылған болатын. Олар бұл үйде аналары және үлкен ағаларымен тұрған. Дүкеннен оралған аналары егіз жеткіншектің өлімінің үстінен түскен. Балалар бір күн бұрын денсаулықтары нашарлап, ауруханадан қаралып шыққан еді…
Сурет  iagorod.kz  сайтынан алынды

Жаңалықтармен бөлісу