Бүгін де қала тұрғындары ерекше мерекелік кешке куә болды.
Халықтың назарына облыстық филармония ұжымының концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Еліміздің еңбек сіңірген әртісі, режиссер Александр Евсюковтің жетекшілігімен Джаз жанрында әуендер шырқалды.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласының тұрғындарын қала күнімен құттықтады.
“Қостанай қаласы тұрғындарының өмірінде елеулі орын алатын мерекелік кеште жиналып отырмыз. Қаламызға 145 жыл толып отыр. Бұл тарих үшін бұл санаулы уақыт болғанымен, қала дамуының маңызды кезеңі саналады. Бүгінде Қостанай үлкен жетістіктерге жетті. Жыл сайын қала бюджеті өсіп келе жатыр. Бүгінде 113 млрд теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артты. Біздің міндетіміз халықты толық жұмыспен қамту. Жақында шойын құю өндірісі іске қосылады. Онда бес жүз жұмыс орны ашылғалы тұр. Келер жылы КИА авто зауыты жұмысын бастайды. Ол жерде мың жарым жұмыс орны пайда болады. Ауыр жүк көлігінің бөлшектерін дайындайтын кәсіпорын ашып, бес жүз жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қара металлургия, авто компоненттері зауыттары да салынатын болады”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қазір Қостанайда құрылыс жұмыстары ерекше қарқын алды. Алдағы жылдары бес жүз мың текше метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл бес мыңға жуық отбасы қоныс тойын атап өтеді деген сөз.
39 көше жөнделіп жатыр. Облыста авто көлік саны он мыңға өскені ескеріліп, әуежай шағын ауданы мен қаланың солтүстік батыс бөлігін қосатын жол салынды.
Енді қаланың орталығы мен солтүстік батыс бөлігін қосатын жол салу жоспарланып отыр. Юбилейный, Береке, Әуежай шағын аудандарында төрт мектеп, екі балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек. Шағала жағалауы ретке келтірілді. Музыкалық, жүргіншілер су бұрқақтары ашылды.
Бұдан кейін марапаттау рәсіміне кезек келді. Бірнеше тұлғаларға үшінші дәрежелі еңбек даңқы ордендері табысталды.
Қостанай облысының, Қостанай қаласының құрметті азаматы атағы берілді.
Ақын, профессор Серікбай Оспанов, еліміздің еңбек сіңірген әртісі, режиссер Александр Евсюков, мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде су шаруашылығына елеулі үлес қосқан тұлға Нариман Қыпшақбаев облыстың құрметті азаматы атанды.
Қоғамдық кеңестің төрағасы, қоғам қайраткері Серік Бектұрғанов, білім беру ісінің үздігі Сәбира Қайырова, “Мирас” ансамблінің жетекшісі Алексей Губенко, БК Строй ЖШС директоры Роман Кимдерге Қостанай қаласының құрметті азаматы атағы берілді.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынды