12 мамыр — Халықаралық мейірбике күні қарсаңында Лисаков қалалық ауруханасының тәжірибелі маманы Айгүл Мұқатовамен тілдесудің сәті түсті.
Мейірбике – науқастың жағдайына дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын денсаулық саласының жанашыры. Дәрігер емінің нәтижелі болуы мейірбикенің ем-домды уақытылы көрсетіп, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруына тікелей байланысты екені анық. Осы орайда, ақ халаттылардың айнымас серігіне айналып, науқастардың дертіне дауа дарытуға атсалысып жүрген денсаулық сақшысының бірі, лисаковтық Айгүл Мұқатованың еңбегін ерекше атауға болады.
Айгүл Қабдуалиқызы – Ұзынкөл ауданының тумасы. Ресейдің Қорған облысы Шадринск қаласында медициналық училищені бітірген. 1982 жылы «Акушер ісі» мамандығын тәмамдаған ол, алғашқы еңбек жолын Лисаков қаласынан бастады.
«Достарыммен бірге келіп, осы қаланы ұнаттық. Ол кезде Лисаков төрт-ақ шағын ауданы бар шаһар болатын. Бір жылдан соң Қостанай қаласына ауыстым. Бірақ тоғыз жылдан кейін Лисаков қалалық ауруханасына қайта ауысып келдім. Содан бері қырық жылдан астам еңбек етіп келемін», – дейді Айгүл Қабдуалиқызы.
Қазір өмірдің ағымымен акушерлікті бітіргенімен, мейірбике қызметін атқарып жүр. Оның сырын бізге былайша түсіндірді.
«Қостанай қаласында босану бөлімшесінде бірнеше жыл акушер болып жұмыс істедім. Кейін медициналық ұйымдардың біріктірілуіне байланысты акушерлердің жүктемесі азайып, табыс табу қиынға соқты. Тек бір жүктемеге қарап қалған күндер болды. Кейіннен мейірбике ісі бойынша біліктілікті арттырып, біржола осы салаға ауыстым. Бұл 2005 жылдар болатын. Жиырма жылдан артық акушер болып еңбек еттім, туу бөлімшесінде, әйелдерді қарау бөлімдерінде жұмыс істедім», – дейді кейіпкеріміз.
Айгүл Қабдуалиқызының отбасы бар, құдай қосқан жары КБРУ кен орнында еңбек етеді. Ұлы Астана қаласында өз жолын тауып, болашақтың мамандығы саналатын IT саласын таңдаған.
«Менің жұмысым өмірге келген сәбилермен тығыз байланысты. Олар жаңа туған сәтінен бастап, ер жеткенге дейін біздің көз алдымызда. Қызықты десем де болады. Өзім көп балалы отбасында тәрбиелендім», – деді ол.
Өзі учаскелік мейірбикелікке ауысқанда тез-ақ үйреніп кеткенін айтады. Қалалық аурухананың әр саласында еңбектің дәмін татқан тәжірибелі маман. Өмірден түйгені де мол.
«Бала күнгі арманым – дәрігер болу еді. Біз отбасында он бала болдық. Анам жиі ауыратын. Сол кезде дәрігер боламын, анамды емдеп, ауруынан айықтырамын деп жиі айтушы едім. Дәрігер болмасам да, бәрібір медициналық училищені бітірдім. Бұл таңдауыма ешқашан өкінбеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Жауапкершілікті қажет етеді. Мен учаскелік мейірбикемін. Өзіме қарасты 18 жасқа дейінгі балалардың бәрін есепке алып, олардың уақтылы екпе алуын бақылап, денсаулығын қадағалаймын. Әр баланың қай жері ауыратынын, қай жерде тұратынын жатқа білемін», – дейді ақ халатты тәжірибелі маман.
Тәжірибелі маманның еңбегі елеусіз емес, әр жылдары Лисаков қаласы әкімінің бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен марапатталған. Біз осы шаһарға арнайы барғанымызда, қалалық аурухананың бас дәрігерінің өзі көптен еңбек етіп келе жатқан Айгүл Мұқатованы құрметке лайық, ұзақ жылғы үлесі зор мейірбике деп таныстырды, өз ісіне жауапты әрі жастарға үлгі болатын тәлімгер ретінде мақтан тұтатынын жеткізді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ