Құптарлық жоба

Құптарлық жоба

Елімізде жастарды қолдау әлі күнге дейін маңызын жоғалтпаған мәселелер қатарында тұр. Осы орайда, оларды жұмыспен қамту және кәсіп ашуда көмек көрсету үшін бірнеше бағдарламалар да  дайындалған. Сонау шалғайдағы Жанкелдин ауданында да бизнес бастаймын деген жастарға қолдау бар.

Жуырда облыстық қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде “Мемлекеттік жастар саясатын насихаттау және бастамашыл, дарынды жастарды қолдау жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру” жобасы аясында іс-шара өткен болатын. Аталған жобаға жерлесіміз, “Бірлік – 2021” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәулетхан Қосмағанбетов қатысып, “Торғай ауылында қоқыс салатын контейнерлер орнату және аудан жастарын тарта отырып, тазалық айын өткізу” жобасы бойынша жеңімпаз атанып, 700 мың теңге көлемінде грант ұтып алды.

– Мен осыдан екі жыл бұрын “Бірлік – 2021” қоғамдық бірлестігін құрдым. Мақсатым – туған жерге кішкене болса да пайдамды тигізу. Аудан жастарының басын қосып, олардың елге деген, жерге деген патриоттық сезімдерін оятып, туған жерді бірге түлетсек деген жоспарым болды. Облыс орталығында ұйымдастырылған жобада жеңімпаз атандым. Қазіргі таңда барлық қалаларға барсаңыз әрбір аялдамының, саябақтардың, жаяу жүргіншілер жолының бір шетінде қоқыс салатын арнайы контейнерлер мен қоқыс жәшіктері тұрады. Жерде шашылып жатқан қағаз бен қоқыс көрмейсіз. Осындай тазалықты неге өзімнің туған жерімнен бастамасқа деген ой келді. Ойға алған жоспарым жүзеге асты. Енді тамыз айында жұмысқа кірісемін. Торғай ауылы әкімшілігімен бірлесіп, қоқыс салатын контейнерлерді орналастыру жағын ақылдасамыз, – дейді жоба жеңімпазы Дәулетхан Байкенұлы.

Жерлесіміздің жобасы құптауға лайық. Себебі, біздің аудан үшін тазалық мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметкерлер сенбілік жұмыстарын жасап, тазалыққа мән беріп келеді. Жастар ресурстық орталығының бастамасымен аудан жастары да өзен жағалауларын тазалап, жаднама таратып, түсінік жұмыстарын жүргізуде. Жасыратыны жоқ, ал қарапайым тұрғындардың сенбілікке атсалысып, еңкейіп жердегі шашылған қоқысты жинауы қиын.

-Тазалық жұмысына аудан жастарын тартамыз. Мұнша адам ғана болсын деген шектеу жоқ. Өз еріктерімен тазалық айлығына белсене араласамын деген жастарға қолдау көрсетеміз. Тазалықты ең әуелі жазда суға шомылатын “Лагерь” өзенінен бастауды жөн көріп отырмыз. Демалыс орнына айналған өзен жағалауы қоқыстан көрінбейді. Сырттан келген келімді-кетімді адамдар да сол жаққа барып, демалып, суға шомылады. Бірақ апарған азық-түліктерінің қалдықтарын, сусындарын, ішімдік бөтелкелерін жинамай шашып кетеді. Сол өзен жағалауын тазалап алған соң, арнайы белгі қойып, тазалыққа қатысты ұран сөздер жазып қоямыз. Одан кейін аудан орталығындағы саябақтарды тазалаймыз. Осылайша бір қалыпқа келтіріп алсақ, әр адам тазалыққа көңіл бөледі деген сенімдемін, – дейді Дәулетхан Қосмағанбетов.

Иә, “тазалық – саулық негізі, ал саулық – байлық негізі” демекші, бәріміз білек түріп, туған жеріміздің гүлденуіне бірге атсалысайық, ағайын!

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ

Жанкелдин ауданы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу