ҚР Көлік министрі өңір тұрғындарымен кездесті

ҚР Көлік министрі өңір тұрғындарымен кездесті

Өңірдегі жол мәселесі күрделі. Мәселен, Тобыл поселкесіндегі карьерлердің салдарынан жүк тасымалының жиілігі тұрғындар наразылығын тудыруда. Теміржолшыларды шикізат тасымалдаудың қиындығы алаңдатып отыр. Осы және басқа да мәселер облысымызға жұмыс сапарымен келген еліміздің су жаңа – көлік министрінің алдына қойылды.

Тағы да жол жағдайы

“Жол кедергілерін болдырмауды қадағалап отыратын мобильді топ құрылып, үнемі бақылауға алынатын болады. Карьерлер мен теміржол аумағын жүк тасымалымен еркін қамтамасыз ететін арнайы техникалармен жабдықтаймыз”, – деді Марат Қарабаев.

Ал Қостанайдан Ұзынкөл ауданына шығатын жол бізді Ресей елімен байланыстырып тұрған күре жолдардың бірі. Өкінішке қарай, сол жолдың аудан орталығынан асар тұсы сын көтермейді. Дәлірек айтқанда, Троебрат ауылына барар 78 шақырымының 70 шақырымы бүгінде жүруге жарамсыз. Бұл кемшіліктің әзірге орын алып отырғанын айтқан облыстық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев келер жылы 28 шақырымына орташа жөндеу қолға алынатынына сендірді.

“Жетісу облысында да осындай жағдай болған. Келер жылы тапсыру керек болған жобаны жергілікті әкімшіліктің қызу қадағалауының арқасында қысқа таман аяқтап үлгерген. Құны жеті миллиард болса, бұл атауға тұрарлық жоба. Әрине, халық барлығын бірер жылда жөндегенін қалайды. Осы бастан жақсы мердігер тауып, бастап кету керек”, – деді министр.

Өмірін жол саласымен байланыстырған Бақыт Атабаев ақсақал министрдің алдына Сарыкөлден Солтүстік Қазақстан облысына өтетін жолдың сын көтермейтінін мәселе етіп қойды.

 “Шекарадағы Сарыкөл жолына 2,8 млрд қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Ол жер орташа жөнделеді”, – деп қысқа қайырды министр.

Торғай өңірінде бірнеше жыл басшылық қызметтерде болған Қарсақбай Бірмағамбетов Арқалық-Жезқазған-Қызылорда, орталық пен батысты байланыстыратын күре жолдардың мәселесі толғандыратынын айтты.

“Арқалық-Жезқазған-Қызылорда жолы алпысыншы жылдары салынған. Тоқсаныншы жылдардағы екі облыстың жабылуы ол жолды одан сайын қиындатып жіберді. Осы күре жолды дұрыстауға қаржы бөлінсе, Қызылорда арқылы оңтүстікке, одан Өзбекстан жаққа шығуға 500 шақырым жол қысқарады екен. Арқалық-Аманкелді-Торғай арқылы бастысқа қарай шығатын жол орталықпен байланыстырылса, өңіріміздің оңтүстік аудандары мен Ақтөбенің біршама елді мекендерінің шаруашылық динамикасы кеңейе түсері сөзсіз”, – деді Қарсақбай Бірмағамбетов.

Министр ақсақалдың сауалына байыпты әрі шынайы жауап берді.

“Келіп уәде беріп кеткендей болмайын, орталықты батыспен байланыстыратын жол 2029 жылға дейін болмайды. Тек орташа жөндеу жүргізіледі. Орталықтан батысқа қарай төрт жолақты кең жол дәлізін жасау 2010 жылы талқыланды. 2013-2014 жылдары осы мәселе тағы екі рет қаралды. Ол жобаның құны 7 триллион теңге қаржыны талап етеді. Төрт мың жеті жүз шақырымды орташа ретке келтіретін қаржы өзіміздің қолымызда бар. Бірақ, халықаралық дәліз жасауға жеткіліксіз. Ол қаржыны халықаралық қаржылық ұйымдардан аламыз. Сол себепті осы аралықта орталықтан батысқа қарай үлкен көліктік дәліз жасау жоспардан алынды. Ал, Астана-Арқалық-Жезқазған-Қызылорда жолы біртіндеп қолға алынып жатыр. Ақмола облысынан Арқалыққа қарай трасса жөнделуде. Барлық жол су құбырларын жөндеп алып, реттелетінін ескерсек, бұл басында халықтың алаңдаушығын тудырмай қоймайды. Ұлытау жақтан биыл 20 шақырым жол жөнделді, келесі жылы тағы 30 шақырымы жүзеге асатын болады. Арқалық-Жезқазған тас жолының 38 шақырымы тегістелді. Келер жылы Арқалықтан бастап 58 су құбырын бастаймыз”, – деді министр.

 

Қалааралық, облысаралық әуе-жол қатынысы қалай реттеледі?

Жиында әуе қатынасының жайы да назардан тыс қалған жоқ.

“Қостанай әуежайын кеңейту жобасы басталып кетті. Перрондарын ретке келтіру жұмыстарын реконструкциялау жүріп жатыр. Жаңа маршруттармен жабдықтау кезек күттірмейтіні байқалып жатыр. Себебі билет бағасының өсуіне қарамастан, жолаушылар саны былтырғымен салыстырғанда 24 пайызға артқан екен. Салдарынан қалыпты рейс жасауға ұшақтар да жетіспей жатыр. Халықты облысаралық қоғамдық көліктермен қамту көрсеткіші де жақсы емес. Не бары 48 елді мекен қамтамасыз етілген”, – деді ведомство басшысы.

Бұл шаруашылықты қалыпқа келтіру үшін жол сервистерін ашуды қайта қарап, жол бойындағы шұғыл шараларды дер кезінде қолға алу ұсынылды. Демек, әр бағыт бойынша байқау жарияламас бұрын алдымен жобаны субсидиялауды ойластырған жөн.

Айбек Ғалымұлы

Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы 

 

Жаңалықтармен бөлісу