Білім беру саласындағы олқылықтарды жойып, білім сапасын көтеруді көздейтін қосымша білім беру өңірдің бірқатар мектептерінде ашылып жатыр. Әсіресе, облыс орталығында жақсы жолға қойылған. Оның облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі де растап отыр.
Жалпы, қосымша білім беру дегеніміз не? Сабақтан кейін мектепте қалып үй тапсырмаларын орындау, басқа да үйірмелерге қатысу болып табылады. Себебі баланы жан-жақты дамыту жағынан пайдалы. Біраз дереккөздерге шолып қарасақ, бұл үрдіс шетелдерде жақсы дамыған. Әсіресе, жекеменшік білім беру ұйымдарында. Англия мен Уэльстегі орта мектеп оқушыларының төрттен бір бөлігі жеке білім алатыны анықталды. «The Sutton Trust» ұйымының мәлімдеуінше, ең жоғары деңгей – Лондонда. Ұлыбритания астанасындағы орта мектеп оқушыларының 41 пайызы мектептен тыс уақытта тағы да сабақ оқиды. Осыған орай, қайырымдылық ұйымы қалталы әрі жомарт жандарды тұрмысы төмен отбасының балаларына қосымша сабақ алуы үшін қолдау көрсетуге шақырған.
Жалпы, бұл үрдіс қазір аудандарда жүзеге асуда. Жаңа оқу жылынан бастап Қамысты ауданының білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілде білім алушылар контингентін ұлғайту шеңберінде бастауыш сынып оқушылары үшін ұзартылған күн топтары енгізілді. Қазір төрт мектептің осы жүйеге көшкенін айтуға болады. Олар – Қамысты ауданының білім бөлімінің №2 Қамысты жалпы білім беретін мектебі, Қамысты ауданының білім бөлімінің Алтынсарин жалпы білім беретін мектебі, Қамысты ауданының білім бөлімінің Қарабатыр жалпы білім беретін мектебі, Қамысты ауданының білім бөлімінің Краснооктябрь жалпы білім беретін мектебі. Алпыстан астам білім алушы үшін ұзартылған күн топтары, сабақтары ұйымдастырылды (мемлекеттік тілмен бастауыш сыныптар контингенті 100%). Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Қуанышбаев айтты.
«Сабақтарды өткізу үшін осы мектептердің бастауыш сыныптарының 8 педагогы жұмысқа тартылды. Ұзартудың жұмыс уақытын мектеп әкімшілігі ата-аналардың тілектерін ескере отырып анықтады. Сабақтан кейін айналысатын топтар бар, түстен кейін келетін оқушылардың топтары да бар. Дамыту сабақтары, ойындар барысында балалар тілді үйренуге, үй тапсырмасын орындау кезінде мұғалімнің көмегін алуға мүмкіндік алады. Бұл ата-аналарға баланың мінез-құлқы мен үлгерімін бақылауды жүзеге асыруға тиімді көмек. Егер ата-аналар мемлекеттік тілді жетік білмесе, ата-аналар «ұзартылған күн тобын» мемлекеттік тілді қолдау жөніндегі пәрменді шара деп санайды», – дейді Талғат Қуанышбаев.
Ұзартылған күн тобы бар мектептерде күн сайын балалар сабақтан кейін осында келеді. Мұнда мұғалімдер шәкірттерге үй тапсырмаларын орындауға көмектеседі. Олардың бос уақыты да тиімді ұйымдастырылған. Балалар арнайы үйірмелерге қатысып, белгіленген уақытта ойнап та, тынығып та үлгереді. Оның сыртында оқушылар көркемөнер, ән-күй, би, шахмат үйірмелеріне қатысады. Балғындар, тіпті, жол қозғалысы ережелері бойынша арнайы дәріс алады. Арнайы топқа баратын оқушылардың ас-ауқатына да аса мән берілген. Балаларға ыстық тамақ беріледі. Тағамдардың құнарлығы да қадағаланып отырады.
“Жалпы, облыс бойынша Қостанай қаласының мектептері үлкен жұмыс атқаруда”, –дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметкері Анна Лазарева.
Облыс бойынша мұндай статистиканы жүргізбейміз. Бірақ, ұзартылған топтарды көбіне білім беру ұйымының мүмкіндігіне қарай ашылады. Педагогтердің, кабинеттердің бос болуымен байланысты.
Қазір мемлекеттік тілде білім беретін аудан-қалаларда ұзартылған күн тобы жұмыс істейді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ