Осы жылдың 21 қазанында Қостанай облысының прокуратурасы бюджет қаражатын ұрлау дерегіне қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекітті.
Тергеу барысында 2022 жылдың қазанынан 2024 жылдың қаңтарына дейін облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ балалар мен жасөспірімдер командаларының шорт-трек жаттықтырушысының қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алымдар мен жарыстарға іс жүзінде бармаған адамдарды заңсыз көрсету жолымен шығындардың нақты сомасын ұлғайта отырып, жалған аванстық есептер құрастырғаны анықталды.
“Жаттықтырушы түскен ақшаны өз пайдасына жаратқан. Ұрланған бюджет қаражатының жалпы сомасы – 5,9 млн теңге. Кейіннен күдікті ұрланған ақшаны депозиттік шотқа аудару арқылы заңды айналымға тартты, ол жерден ай сайынғы сыйақыны 9,6% пайыздық мөлшерлемемен алды. Депозит бойынша пайыздық сыйақы түріндегі жария етілген қылмыстық кіріс сомасы 613,1 мың теңге екені белгілі болды. Оның әрекеттері Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ірі мөлшерде ұрлау) 218-бабының 1-бөлігі (ақшаны заңдастыру (жылыстату), яғни конверсия түрінде мәмілелер жасау арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңды айналымға тарту) бойынша сараланады”, – делінеді облыстық прокуратура хабарламасында.
Санкция айыпкерді алты жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкін тәркілеп, жеті жылға бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны көздейді.
Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотына жолданды.