Қостанайлық студент табиғи бор сатуды кәсіпке айналдырған

Қостанайлық студент табиғи бор сатуды кәсіпке айналдырған

Борды сүйсіне жеп, оны аңсап тұратын адамдар бар. Бірі тек кеңсе борын ұнатса, енді бірі құрылысқа арналған табиғи борды ғана таңдайды. Ал кейбірі кальций глюконатын жеуге әуес. Қостанайда борға құмар жандардың сұранысын қанағаттандыратын кәсіпкерлер бар. Солардың бірін оқырмандарымызға таныстыруды жөн көрдік. 

Бор өнеркәсіптен бастап, медицинаға дейінгі көптеген салаларда қолданылады. Бірақ кейбір адамдар үшін бор күнделікті тұтынатын, ұнататын тағамның бірі. Бір жағынан, бұл ағзадағы кальцийдің жетіспеушілігінен арылудың тамаша мүмкіндігі, екінші жағынан, бұндағы химиялық элементтің көп мөлшері аурулардың ауыр түрлеріне әкеліп соғуы мүмкін. Өңірімізде табиғи бор мен саз өнімдерін сатуды жеке кәсіпке айналдырған адамдар бар. Оның бірі – 20 жастағы Ділназ Русланқызы.

«Мен табиғи бор мен сазды сатуды 2021 жылы бастадым. Бұл кәсіпке келген себебім, әлеуметтік желілерде табиғи бор мен саз өнімдерін сататын сайттардың жоқ екеніне көзім жетті. Сондықтан мұны жеке кәсіпке айналдыруға бел будым. Басында біршама қиындық та болды, әуелде жақсы жеткізушілерді іздеу оңайға соқпады, дегенмен, отбасымның қолдауы арқасында қазіргі уақытта елеулі табыс тауып отырмын», – дейді Ділназ.

Аталған өнімдерді Ділназ өзі де тұтынады. Ең алғаш кеңсе борына әуестеніп, кейін оның ағзаға зиян екенін білген соң табиғи борлар тұтынуға көшкен.

«Жұмыс барысы қарапайым көрінгенімен, біршама күрделі талаптары бар. Кей жағдайларда тіпті тапсырыс берген тауарларым басқа қалаларға кетіп қалған кездер болды. Ай сайын бор мен саздың жаңа топтамасына тапсырыс беріп отырамын. Ал тауарды алған соң, бор мен сазды тазалап, қажет болған жағдайда оны кептіремін. Кейін арнайы қораптарға салып, тұтынушыларға жіберемін»,-дейді ол.

Тұтынушылардың арасында жиі сатылымға түсетін «Новый Оскол» мен «Старый Оскол» борларын атап өтуге болады.

«Әрине, бор мен саз өнімдерінде ағзаға зиян келтіретін қасиеттері бар. Мәселен, ас қорыту бұзылысы, қанның шамадан тыс ұюы, ағзадағы темірдің азаюы. Сондықтан мен әрқашан тұтынушыларға бор мен сазды тұтынған соң,белгілі мөлшерде су ішу қажет екенін айтамын. Зиянды қасиеттерден бөлек, пайдалы қасиеттері де жетерлік, мәселен, сүйек беріктігін қалпына келтіру,буындарды жақсарту,метаболизмді қалыпқа келтіру,кариес қаупін азайту. Табиғи бор мен сазды дұрыс қабылдау керек, бордың тәуліктік мөлшері шамамен 100-200 граммды құрау қажет»,- деп атап өтті Ділназ.

Жеке кәсіптегі ең маңызды дүние – кәсіпкердің тұтынушылар сұранысынан шабыт алуы. Сондай-ақ, тұтынушылар жағымды пікірлер қалдырса, өнімге сұраныс артып отырса, бұл, әрине, үлкен жетістік.

Ділназ Ізтелеуова,

Журналистика мамандығының студенті

Жаңалықтармен бөлісу