Қостанайлық мұсылмандар қала көшелеріне жарапазан айтуға шықты

Қостанайлық мұсылмандар қала көшелеріне жарапазан айтуға шықты

Бүгін Қостанайда қалалық, облыстық мешіт имамдары өнерпаздармен бірігіп, көшеде жарапазан айтуға жиналды.

Жарапазаншылар рухани шеруді Марал Ишан мешітінен бастап, халық көп жиналатын сауда орталықтарын аралап, Қостанайдың орталық көшелерімен жүріп өтті.

 

“Өзін мұсылман санайтын қазақтың рамазан айында көрінетін бір қазақшылығы – жарапазан айту. Мұндай ізгі дәстүрді биыл үшінші жыл жаңғыртып отырмыз. Басқарма бекітіп берген Ислам және дәстүр құндылығы жылы аясында Қостанайдағы үш мешіт Тобыл қаласының мешітімен бірігіп, жарапазан айттық. Оған Қостанайдың домбырашыларын, әншілерін шақырдық. Мұнымен қоса, халыққа екі жүзге тарта ауызашар себеті таратылды”, – дейді облыстық “Аймағанбет қажы Спанұлы” мешітінің наиб имамы Бақытжан қажы Икрам.

Былтырғыға қарағанда жарапазан айтушылар қатарының көбейгені байқалады.

“Биыл бізге “Ақ дариға” әжелер хоры және бір топ ақсақал қосылды. Бастапқыда жарапазан айтуды жеті-сегіз адам бастап едік. Осы жылы қатарымыз қалың”, – дейді жарапазаннан жыл сайын қалмай қатысып келе жатқан өнерпаз, белгілі журналист Заңғар Санай.

Жарапаншылар халық аяғы арылмайтын Орталық әмбебап дүкенінде, “МART” сауда орталығында болды. Аталған ғимараттарда жүрген жамағатқа қоржын үлестірді. Қостанайлықтар жапаразан айтуды Қызылорда облысынан қабыл алған еді. Эстафета Жетісу өңіріне жолданды.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков 

Жаңалықтармен бөлісу