Қостанайлық ерлер қауымы әйелдерді мерекемен ерекше құттықтады

Қостанайлық ерлер қауымы әйелдерді мерекемен ерекше құттықтады

Халықаралық Әйелдер күні мерекесіне санаулы күн қалды. Көктемнің ең жарқын мейрамы қарсаңында аналар мен қыз-келіншектерді құттықтауға арналған іс-шаралар жер-жерде толассыз өтіп жатыр. Бүгін Қостанайдағы әртүрлі мекеме, ұйым, кәсіпорындарында қызмет ететін ер-азаматтар нәзік жандарға арнап концерт қойды.
Мереке иелерінің құрметіне әзірленген бағдарламаны Қостанай қаласының басшысы Марат Жүндібаев бастап шықты. Ол аналар мен аруларды құттықтап, жүрекжарды лебізін жолдады. Жігіттердің ханымдар көңілінен шығу үшін қаншалықты тырысқанын айтты.

“Бүгінгі бар өнеріміз сіздердің құрметтеріңізге, ардақты әйелдер қауымы! Азаматтарымыз бір ай бойы үздіксіз дайындалды. Сондағы басты мақсат — өздеріңіздің патша көңілдеріңізден орын алу. Кеңсені сахнаға алмастырған бүгінгі өнепаздардың қатарында сан саланың білікті басшылары, тәжірибелі дәрігерлер, зиялы профессорлар мен педагогтер, кәсіпкерлер, жалпы айтқанда, әр алуан мамандық иелері бар. Ендеше, олардың өнермен жолдаған сәлемі мен құттықтауларын ықыласпен алыңыздар, қымбатты ханымдар!” — деді М.Жүндібаев.

Концерттік кеште сахна жұлдызына айналған мекеме басшыларымен қатар, қала әкімі Марат Жүндібаев пен облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев та әуелете ән шырқады. Көрермен залын лық толтырған көпшілік концерттен ерекше әсер алғандарын айтып тарқасты.

Толығырақ — газеттің алдағы санында.

Суреттерді түсірген – Лариса Божко

Жаңалықтармен бөлісу