Қостанайдың Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Бексұлтан Қайратұлы Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.
92 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Бексұлтан финалда Қырғызстандық боксшы Каримжан Именходжаевты екінші раундта бірнеше рет нокдаунға жіберіп, сенімді жеңіске жетті.
Чемпионат 2025 жылғы 12–23 мамыр аралығында Коломбодағы Сугатадаса жабық стадионында өтті. Бұл – Шри-Ланкада 57 жылдан кейін алғаш рет ұйымдастырылған Азия чемпионаты. 25 елден 400-ден астам спортшы қатысты.
Бексұлтан Қайратұлының жеңісі Қазақстанның бокстағы жетекші рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жеңіс тұғырында Қазақстан Республикасының әнұранын шырқатып, ел намысын абыроймен қорғады.