Қостанай қаласының 145 жылдығына арналған жобамыз жалғасады. Газеттің бұл санында шаһар тарихында ерекеше орын алатын екі ірі тұлғаның тастұғырлары жайлы мәлімет бергенді жөн көрдік. Олар Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мен Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.
Қостанай қаласының орталығында екі тұлғаның да енселі ескерткіштері бар. Ыбырай мен Ахметті көп дүние байланыстырады. Белгілі ғалым Серікбай Оспанұлы әркез “Ахмет Ыбырайдың заңды жалғасындай” деп айтып жүреді. Рысымен де Ыбырай – ұлы ағартушы.
Халық ағарту ісінің де, ағартушылық әдебиеттің де, журналистиканың да негізін салушылардың бірі болса, Ахмет Байтұрсынов ол жасаған осы абыройлы істердің бәрін жалғастырып, дамытушы, дарынды ізбасары. Ахмет 1891 жылы Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқып, тәрбиеленеді.
Екі тұлғаны көп дүние байланыстырады. Ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспанұлы “Ыбырай жолы” кітабында көп адам біле бермейтін мын бір үндестікті жазды.
“Ыбырай Алтынсарин ұлттық газет шығаруды ойлап 1879 жылы қазақ жергілікті патша әкімшілік орындары алдына ұсыныс хат жазыпты. Ол болашақ газеттің макетін жасап, 45×35 формат көлемінде сегіз бет болып шығатынына дейін көрсетіпті. Газеттің алғашқы төрт беті қазақ тілінде, кейінгі төрт беті алдыңғы төрт беттің аудармасы ретінде орыс тілінде жарық көруі керектігін айтқан. Газет «Қазақ» газеті деп аталуға тиіс екен. Алайда, патша әкімшілігі бұл басылымды шығаруға рұқсат бермейді. Ұлттық мәні бар саяси-әлеуметтік және мәдени мәселелерді көтеру үшін баспасөздің атқарар қызметінің зор екенін түсінген Ахмет те ұлттық газет шығаруды ойлап, Ыбырайдың мақсат-мүддесін іс жүзіне асырып 1913 жылы биресми ұлттық «Қазақ» газетін дүниеге әкелді. Әлихан Бөкейханов саяси жетекшілік жасаса, өзі басшы, үзеңгілес інісі Міржақып Дулатов қосшы болды. Газеттің алғашқы кездері негізінен ағартушылық бағытты ұстануы да Ыбырай идеясын жалғастырып, жандандыра түскендей”, – дейді ғалым өз зерттеуінде.
Енді ескерткіштердің тарихы тоқталсақ. Ыбырайға ескерткіш Қостанайда 1970 жылы орнатылған. Ұлы ұстаз өзі ашқан бұрынғы қазақ мектебінің орнына орнатылды Авторлары – мәскеулік мүсінші Н.А. Щербаков, сәулетшілер – И.А. Покровский, В.Д. Горчинский. 2010 жылы ескерткіш жаңа орынға көшіріліп, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты ғимаратының алдындағы гүлзарға орнатылды. Мүсіндік ескерткіш қызыл түсті граниттен жасалған. Үш жиынтықтан тұрады – мүсін, тұғыр, негізі. Ұлы ағартушы оң қолындағы ашық кітаппен бейнеленген. Кейін екінші ескертіш 2020 жылы орталық саябақта Ыбырайдың 180 жылдығын мерекелеу қарсаңында ашылды. Онда Ұлы ағартушының қасында кітап оқып тұрған шәкіртін тыңдап отырған сәті бейнеленген. Бала-қазақ халқының білім мен ағартушылыққа деген ұмтылысының символы. Тұғырдың алдыңғы жағында Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің үзіндісі шекіп жазылған. Ескерткіштің авторлары – белгілі мүсінші Жеңіс Жұбанқосов (Ақтөбе) пен Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Тоқтар Ермеков (Астана) . Ескерткіштің биіктігі 2,75 метр, еңселі ескерткіш қоладан құйылып, граниттен жасалған тұғырға қондырылған.
Ал, Ахаңа арналған ескерткіш 2000 жылы Қостанай қаласында салтанатты түрде ашылды. Ескерткіштің авторы – қазақтың белгілі мүсіншісі Досмағамбетов Төлеген Сәбитұлы. Ескерткіш А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің бас ғимаратының алаңында орнатылды. Композиция үш бөліктен тұрады: мүсін, тастұғыр және негіз. Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері фракта ойланып отырған қалыпта бейнеленген, оң қолына қаламұш ұстап, орындыққа шынтағымен сүйеніп отыр. Мүсін гранитті блоктармен қапталып, мәнерлі тұғырға орнатылған. Мүсіннің биіктігі 2 м, мыстан жасалған. Тұғырдың биіктігі – 95 см. Материалы: мыс, мәрмәр, бетон. Қос тас тұғырда Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер қатарында. Жыл сайын екі ескерткіше тұлғалардың туған күнінде, ұстаздар мерекесінде жергілікті тұрғындар, мұғалімдер, зиялы қауым өкілдері тағзым етеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ