Қаланы абаттандыру жұмыстары тоқтамайды. Ендігі кезек мәдениет және демалыс саябағында. Қалалық әкімдікте өткен жиында орталықтағы аттракциондардың жаңартылатыны айтылды.
Ол аумақта былтыр әуенді су бұрқақ ашылып, тас төсемдері ауыстырылған болатын. Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев аттракциондардың ескіргенін айтып, жағартуды қажет ететінін жеткізді. Демалыс саябағы сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген.
“Саябақ аумағын жаңғыртудың эскиздік жобасы әзірленіп, жобалық-құндық құжаттамасын әзірлеуге шарт жасалды”, – деді мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы Әлия Сегізбаева.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу рәсімдерін биыл өткізу жоспарланып отыр.
“Өткен жылы саябақта абаттандыру жұмыстарын бастадық. Жасыл желектерді суаратын желілерді өткіземіз. Мұның сыртында, демалыс ойын-сауық кешенінің өзі ескірген. Ондағы аттракциондар қазіргі заман талабына сай келмейді. Сол себепті жаңарту туралы шешім қабылданды. Жұмысты келер жылы бастаймыз”, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Сондай-ақ, шаһар басшысы қала көшелеріндегі бағандарда бейберекет ілінген сымдарды ретке келтіруді тапсырды. Кәсіпкерлерге бір апта уақыт берді. Егер ескертуге құлақ аспаса желілерді кесіп тастау қажет екенін айтты. Қанша жылдан бері ескертілсе де, нәтижие жоқ екенін айтты.
“Қай кәсіпкерге тиесілі сымдар екенін біле алмай келеміз. Барлығы рұқсатсыз қосылып алған. Кәсіпкерлер бір жеті ішінде өз еріктерімен ретке келтірулері қажет. Әйтпесе, арнайы комиссия құрып, заңсыз ілінген барлық желіні түбінен қиып тастаймыз”, – деді Марат Жүндібаев.
Қала әкімі өткізілген желілердің дені интернет- провайдерлерге тиесі екенін айтты. Тұрғындар интернет қостырғанда, барлығының заңды екеніне көз жеткізулері қажет екенін айтты.
Сералы МЫРЗАБАЙ