Қостанайда жаңа балабақша ашылды

Қостанайда жаңа балабақша ашылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов  Юбилейный шағын ауданында бой көтерген жаңа балабақшаны ел игілігіне берді.

«Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеуге баса назар аударып келеді.  Республика бойынша мемлекет басшысының тапсырмасына  орай  жаңа үлгідегі балабақша-мектептер салынып жатқаны аян.  Облыста  11 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жоспарда белгіленген сегіз бала бақшаның бесеуі пайдалануға берілді», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов балабақша ашылуымен құттықтауында.

Бұған дейін  бұл жерде мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін ұйым болған емес. 308 бала индиго жүйесі арқылы қалалық білім бөлімінде кезекте тұр. Ол ол ма, кезекке тұра алмаған  600 жүзден астам бала қаланың басқа жеріндегі жекеменшік орындарға  барып жүр. Енді соның жартысына жуығына балаларын басқа жаққа апармай, осында әкелуге зор мүмкіндік келді.

 «Қазіргі уақытта бұл мәселе ептеп шешілетін түрі бар. Бұл балабақша құқық белгілейтін құжаттар бойынша рәсімдерден өтіп жатыр. Балаларды қабылдау туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы  білім бөлімі хабарлайтын болады. Жағдай реттелген күнде мектепке дейінгі бұл нысан 280 баланы қабылдай алады. Егер балалары алыс жерге қатынап жүрген ата-аналар болса, осы мекемеге индиго жүйесі арқылы кезекке  тұруы қажет», – дейді қалалық білім бөлімінің әдіскері  Тілеужан Меденқызы.

Сондай ата-аналардың бірі – Юбилейный шағын ауданының тұрғыны Раушан Асқарқызы. Ол  үш жасар ұлы Жантөрені  115 мектептің жеке меншік балабақшасына апарып жүрген.

«Қазір осы балабақшаның ашылғанына қуаныштымыз. Үйдің жанында, бізге өте ыңғайлы. Осы күнді отбасымызбен асыға күттік», – дейді Раушан Асқарқызы.

Бұл балабақша 280 орындық. Жасына қарай он алты топ жұмыс істейді. Соның 11-і мемлекеттік тілді білім береді.

«Біздің балабақша балаларды заманауи бағытта тәрбиелеуді қолға алғалы тұр. Мамандарымыз балғындардың  шығармашылық, интеллектуалдық қабілетін арттыруға ұмтылып отыр. Жаңка жылдан бастап қабылдай бастайды. Мекемемізге логопед, дене шынықтыру мұғалімі, музыка маманы, педогог-психолог қызметке алынды», – дейді балабашқа меңгерушісінің міндетін атқарушы Оксана Бабий.

Үш қабатты зәулім ғимаратта анау айтқандай, би, акт залы, спортпен айналысатын жаттығу орындары, музыка кабинеттеріі  бөлек-бөлек орналасқан.

Әр топтың ұлттық нақышта тәрбие беретін қойылым бөлмелері бар. Балабақшада мектеп жасына дейінгі балалардың ІТ–құзыреттерін қалыптастыру үшін инновациялық STEAM зертханасы ашылғалы тұр. Ол алдағы күндері  «цифрлық балабақша» жүйесіне енгізілетін болады. Демек, балалар робототехникамен айналыса алады, эксперименттер мен тәжірибелер жасай алады деген сөз. Анимация студиясында мультфильмдер жасай алады және квадрокоптерлерді басқара алады.

Жаңа балабақшаның ашылуы облыс орталығындағы балалардың кезегін 18%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. педагогтер үшін 43 және көмекші персонал үшін 34 жаңа жұмыс орны құрылды.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

 

Жаңалықтармен бөлісу