Биыл Қостанайда қаласындағы қоғамдық көліктердің қатары 54 жаңа автобуспен толығады. Тасымалдаушылар көлікті өздерінің есебінен сатып алмақ. Алайда, қалалық әкімдік қолдау ретінде 3 млрд теңге көлемінде субсидия бөліп отыр.
Соңғы уақыттары қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктерге қатысты сын жиі айтылуда. Автобустардың уақытынан кешігуі немесе лық толып, орын жетпей қалуы сияқты мәселелер әлеуметтік желілерде әлсін-әлсін жариялануда. Халық арасында “Әуежай” шағын ауданынан “Береке” және ТБК (КЖБИ) шағын аудандарына дейінгі бағытқа қосымша автобустар шығарылса деген өтініштер айтылуда.
Өткен аптада “IKomek” орталығына хабарласқан тұрғындар №38, 18А, 10, 21-ші автобустардың жұмысына көңілдері толмайтындарын білдірген. Алдағы уақытта қатарға қосылатын жаңа автобустар аталған олқылықтардың орнын толтырады деген ойдамыз.