12 июня, 2025
Қостанайда заңсыз тасымалдаушыларды анықтады

Қостанайда заңсыз тасымалдаушыларды анықтады

Облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері Көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық акциясы аясында профилактикалық іс-шара өткізді. Рейд өткізудегі негізгі мақсат – жолаушыларды заңсыз тасымалдаушыларды анықтау және өңір жолдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру.

Тексерулер облыстың негізгі трассаларында жүргізілді. Жолаушылар көлігінің техникалық жағдайына ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері жүргізушілердің барлық қажетті құжаттарының бар-жоғын тексерді. Яғни, жүргізуші куәлігі, жолаушылар тасымалдауға арналған лицензия, жол парақтары, сондай-ақ рейс алдындағы медициналық тексеруден өткені жөніндегі құжаттар. Сондай-ақ, іс-шара аясында жүргізушілердің еңбек жағдайлары, оның ішінде еңбек және демалыс режимінің сақталуы тексерілді. Мемлекеттік тіркеусіз және лицензиясыз қызмет көрсететін такси жүргізушілеріне ерекше назар аударылды. Мұндай тасымалдаулар заң талаптарын бұзып, жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Рейд барысында Chevrolet Cobalt маркалы автокөлік тоқтатылды. Оның салонында төрт жолаушы болған. Белгілі болғандай, олар әрқайсысы 2000 теңгеден төлеп, такси қызметін пайдаланған. Алайда жүргізуші тиісті рұқсатсыз жолаушыларды тасымалдаумен айналысқан. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы – «Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ тиісті тіркеусіз немесе рұқсатсыз іс-қимылдарды жүзеге асыру» бойынша әкімшілік іс жүргізу басталды.

Жыл басынан бері өңірде жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 77 жағдайы анықталған, оның 41-і жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында тіркелген. Полицейлер заңсыз тасымалдаудың жолын кесу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

– Мұндай іс-шаралар заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге, жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Заңсыз тасымалдаушыларды анықтауға арналған операциялар жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін заңсыз қызметті уақтылы тоқтатуға мүмкіндік береді.

 

Тимур ШАГИРОВ

ҚӨУ студенті