2 июня, 2025
Қостанайда сирек кездесетін қандай кітаптар бар?

Қостанайда сирек кездесетін қандай кітаптар бар?

Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сирек қор бөлімі – өткеннің үнін бүгінмен жалғап отырған рухани-мәдени орталық. Бұл бөлім 1977 жылы құрылған. Қазіргі таңда онда XVII-XIX ғасырларға жататын екі мыңнан астам құнды кітаптар сақтаулы.

Мұндағы кітаптар тек кітапханаға тән емес, бүкіл Қостанай өңірінің рухани байлығын көрсетеді. Кітаптардың әрқайсысы өз кезеңінің мәдени, діни және ғылыми құндылықтарын сақтап қана қоймай, оларды кейінгі ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады.

«Қазіргі уақытта кітапханада XVII – XIX ғасырларда көне кириллица қарпімен шығарылған 7 кітап бар. Бұл негізінен литургия, дін ілімі, дінді уағыздау бағытындағы басылымдар. Оның ішінде 12 томдық «Великие Четьи Минеи» кітабының «майский» томы сақталған. Оған ежелгі орыс әдебиетінің шығармалары – мерекелер, әулиелердің өмірі жайындағы аңыздар, өсиеттер, қасиетті әулиелердің шығармалары енгізілген. Бұл – кириллица қарпімен жазылған, діни мазмұндағы бірегей еңбек. Мұндай кітаптар елімізде өте аз. Сондықтан біз оларды сақтап қана қоймай, зерттеу мақсатында ғылыми қауымдастыққа ұсынып келеміз», – дейді кітапхана қызметкері.

Сирек қорда сақталған кітаптар тек діни емес, сондай-ақ әдебиет, ғылым, мәдениет салаларын да қамтиды. Атап айтқанда, А.П. Чехов, А.Н. Майков, Г. Гауптман сынды классиктердің көзі тірісінде жарық көрген еңбектері, 1808 жылғы «Псалтырь» және 1778 жылғы «Святая боговдохновенная книга» сынды бірегей басылымдар бар.

«Кітапханамыздағы әдебиет классиктерінің, ғылым және мәдениет қайраткерлерінің көздері тірісінде шығарылған басылымдар коллекциясы мақтан етуге тұрарлық дүниелер санатына жатады. Оның ішінде А.Н.Майков (1893 ж.) поэзиясының үш томдығы, Г.Гауптманның 3 томдық шығармасының толық жинағы (1908 ж.), А.Ф.Маркстың баспаханасында басылған А.П.Чеховтың шығармалар жинағының атақты екінші басылымы ерекше құнды. Осы коллекцияда Л. Андреев, В. Короленко, Г. Сенкевичтің және А. Франстың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары да сақтаулы. Сондай-ақ А.Чеховтың журнал бетіне шыққан алғашқы жарияланымдарының бірі «Ионыч» әңгімесі де осы бөлімде тұр. Көптеген кітаптарымызда авторлардың қолтаңбалары бар. Бұл – сол заманның шынайы куәсі. Сондай-ақ бізде қазақ, орыс және украин тілдеріндегі сирек басылымдар жинақталған. Әр кітап – тарихтың тірі куәгері», – дейді ол.

Бүгінде кітапхана сирек қорын цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл үрдіс – келер ұрпаққа мұраны аман жеткізудің заманауи жолы.

«Біз сирек қордағы басылымдарды электронды форматқа көшіріп жатырмыз. Бұл бір жағынан кітаптардың ұзақ сақталуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан зерттеушілерге қолжетімділікті арттырады. Қазір көнені зерттеп, зерделейтін ұрпақтардың қарасы қалың ғой. Кітапханаға арнайы зерттеу үшін, таным-түсінігін кеңейтуге келетін оқырмандарға есік айқара ашық», – дейді кітапхана қызметкері.

Құнды дүниелерді көздің қарашығындай сақтап отырған сирек қор – Қостанай өңірінің ғана емес, жалпыұлттық маңызы бар рухани байлықтардың ордасы. Сирек кітаптар қорының мәні тек оның тарихқа деген қызығушылығын арттыруда емес, сонымен бірге мәдениет пен әдебиеттің маңызды кезеңдерін еске түсіруінде жатыр. Қостанай облыстық кітапханасының сирек қоры осы жолда үлкен еңбек атқарып, әрбір оқырман үшін жаңа дүниелерді ашуға мүмкіндік береді.

Зарина ЖҰМАҒҰЛОВА,

Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ

ҚӨУ журналистика мамандығының 3 курс студенттері