Қостанайда полиция шетелдік дропперлерді құрықтау операциясын жүргізді.
Осы жылдың шілде айында Қазақстанға келген көршілес елдің 30 жастағы азаматы Ақтөбе, Атырау және Ақтау қалаларында алаяқтар жымқырған ірі көлемдегі ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Кейін ол Тelegram желісі арқылы “кураторлар” жіберген банк карталарына аударып отырыпты.
“Оның 21 жастағы көмекшісі өзінің қылмыстық “мансабын” сыбайласынан тәжірибе жинау арқылы бастады. Екеуі де алаяқтардан зардап шекендердің ақшасын кезекті рет қолма-қол ақшаға айналдырғаннан кейін Қостанайда ұсталды. Оларды тінту барысында жалдамалы пәтерінде полиция қызметкерлері басқа тұлғалардың ұялы телефондары мен банк карталарын тәркіледі. Ұсталғандардың бірнеше алаяқтық фактісіне қатысы бар екені анықталды”, – делінеді облыстық ПД хабарламасында.
Полицейлер тергеуді жалғастырып жатыр. Азаматтарға қылмысқа қатысқаны үшін, сондай-ақ банктік карталарын үшінші тұлғаға сатқаны үшін жазаға тартылатыны ескертіледі.