Бүгін Қостанайда “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық қеңесінің төрағасы, ҚР Мәжілісінің депутаты Бақтығожа Ізмұхамбедовтің төрағалығымен республикалық көшпелі семинар-кеңесі өтті. Семинарда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында ардагерлер ұйымының алдында тұрған міндеттер қаралды. Оның жұмысына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Ол алқалы жиында сөз сөйлеп, өңірдің экономикалық-әлеуметтік көрсеткіші жайлы қысқаша баяндады.
–Бүгінгі күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіліп жатыр. Реформа әділетті Қазақстан құру қағидасына сай қолға алынды. Егемендік алған кезден бастап, еліміздің саясаты азаматтық қоғамды дамытуға бағытталды. Еліміздің тарихында жаңа дәуірді бастайтын Конституциялық реформа жүргізілді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті. Соған сәйкес біз өңдеу секторына басты назар аударылатын қуатты экономикалық серпіліс жасайтын боламыз. Жалпы, облыс бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 46%-ке артты. Былтыр облыс бюджеті 441 млрд. теңге болса, биыл 644 млрд. теңгеге жетті. Астықты өңірде шикізатты қайта өңдеуге бағытталатын 2 ірі жоба пысықталып жатыр. Бұл қуаттылығы 4 млн. тонна болатын ыстық брикетті темір өндіретін зауыттың құрылысы және жылына 1 млн. тоннаға дейін шойын өндіретін болат балқыту зауыты салынады, мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Облыс темір кендерінің әлемдік қорының 4%-не ие және қара металлургия орталықтарының біріне айналатын болады. Мен облысымыздың экономикалық және әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралардың кейбіреулеріне ғана тоқталып өттім. Алға қойған мақсат-міндетіміз айқын. Осы міндетті атқаруда Қостанай облысының Ардагерлер ұйымы да белсенді қолдау білдіретініне сеніміміз мол. Қазақ халқында ежелден қалыптасқан жақсы дәсүрлердің бірі – ол үлкенді сыйлау. Бұл – қазақтың қанына сіңген қасиет. Ардақты ардагерлеріміздің өмірі өнеге,еңбегі орасан. Тәуелсіздігімізді мәңгілік баянды етуде аға ұрпақтың орны ерекше. Сіздердің қоғамдық өмірге белсене араласып, жас ұрпаққа үлгі болып жүргендеріңіз бізді қуантады,–деді облыс басшысы.
Бұдан кейін бірқатар облыстың ардагерлер ұйымының төрағалары сөз алып, Президент Жолдауында атап көрсетілген міндеттерге сәйкес жүргізіп жатқан жұмыстары жайлы айтып берді. Өз кезегінде Қостанай облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Батырбек Ахметов мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттерді саралап берді.
–Өз Жолдауында ел Президенті Қ.К.Тоқаев “Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы-өзь қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету-біздің перзенттік парызымыз” деген болатын. Жолдауда атқарылып жатқан істерге баға беріліп, алдағы бағыт-бағдарлар айқындалды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесін де көріп отырмыз. Мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Сонымен бірге жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану миллиондаған халықтың тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болуына көмектесті. Жайлы мектеп жобасының аясында 400-ге жуық мектеп салынатын болды. Қазірдің өзінде ауылдық жерлерде 300-ден аса денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. “Ұлттық қор-балаларға” жобасы жұмыс істеп, жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды,–деп атап көрсетті ол.
Батырбек Ахметов облыстағы ардагерлер ұйымының жұмысы туралы кеңінен тоқталып, қарттарға жасалып жатқан қамқорлық, туралы баяндап берді.
Республикалық көшпелі семинар барысында Б.Ізмұхамбетов Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымының төрағаларын “Парасат” орденімен марапаттады. Сондай-ақ, Қостанай облыстық ардагерлер ұйымының бір мүшелері “Құрмет белгісі” төсбелгісің мен “Ардагерлер ұйымы” РҚБ-ның Құрмет грамотасымен марапатталды. Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Әлібек Ыбырай
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ