26.07.2025
Қостанайда қазақ журналистеріне арналған киберқауіпсіздік және жасанды интеллект тренингі өтіп жатыр 

Қостанайда қазақ журналистеріне арналған киберқауіпсіздік және жасанды интеллект тренингі өтіп жатыр 

Қостанайда қазақтілді журналистерге арналған ерекше тренинг ұйымдастырылуда. Журналистер алаяқтықтың заманауи түрлері, дербес деректер қауіпсіздігі және жасанды интеллектіні медиада қолдану туралы жан-жақты ақпарат ала алады.

Тренинг барысында қатысушыларға күмәнді сілтемелерге өтпеу, карта мен жеке деректерді бөгде сайттарға енгізбеу қажеттігі қатаң ескертілді.

«Картаның нөмірі мен артындағы үш таңбалы кодты ешкімге айтпаңыз. Бұл мәліметтерді тіпті банк қызметкерлері де сұрамайды,» – деп атап өтті медиатренер Нәзия Жоямергенқызы.

Киберқылмыскерлер көбіне жеткізу қызметтері, жалған интернет-дүкендер арқылы азаматтарды алдап, сеніміне кіреді. Сондықтан ақпаратты қай жерге енгізгеніңізді бақылап отыру, беймәлім платформаға тіркелмеу – басты ережелердің бірі.

Тренингте сөз сөйлеген медиа сарапшы Назия Жоямергенқызы жасанды интеллекттің журналистикадағы рөліне тоқталды.

«Жасанды интеллект – бұл тек мәтін жазу құралы емес. Оны дерек жинауға, сұрыптауға, сараптауға, тіпті ақпараттың фейк не рас екенін ажыратуға да пайдалануға болады. Бірақ оның өз шектеулері бар», – деді ол.

Алаяқтармен сөйлеспеңіз – дауысыңызды пайдаланып кетуі мүмкін.

Журналистерге  маман алаяқтардан қорғанудың маңызды қағидаларын айтты.

«Егер белгісіз нөмірден қоңырау түссе, әсіресе өзіңізге таныс емес адам күмәнді тақырыппен сөйлесе бастаса, әңгімені жалғастырмаңыз. Себебі алаяқтар сіздің дауысыңыздың әрбір ырғағын жазып алып, кейін оны бөгде мақсатта қолдануы мүмкін», – деді тренинг спикері.

Алаяқпен «алданып көрейін», «мен мықтымын, жеңбеймін» деп сөйлесуге тырыспаңыз. Бұл — қауіпті әрекет. Олар сіздің реакцияңызды, эмоцияңызды, дауысыңызды жазып алып, банктен несие рәсімдеуге немесе жақындарыңызды алдауға қолдануы мүмкін.

Маманның айтуынша, қазіргі таңда фишинг, вишинг, deepfake арқылы алдау әдістері кең таралған. Сондықтан ешкімге жеке деректерді айтпау, күмәнді нөмірлерге жауап бермеу – өзіңізді қорғаудың ең тиімді жолы.

«Сақтық – сіздің қауіпсіздігіңіздің кепілі» – дейді маман.

 

Қымбат Досжанова

Суретке түсірген Жанел Құттыбай