29 июня, 2025
Қостанайда қазақ күресінен жастар чемпионаты салтанатты түрде ашылды

Қостанайда қазақ күресінен жастар чемпионаты салтанатты түрде ашылды

Бүгін Қостанайда қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ауқымды спорттық шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген 450-ден астам балуан қатысып, бозкілемде өзара мықтыны анықтауда.

Чемпионаттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен «Qazaq kuresi» Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов қатысты.

Бақытжан Хаберұлы өз сөзінде бұл чемпионаттың ұлттық спортты дамытудағы маңызына ерекше тоқталды:

«Қазақ күресі – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Мұндай жарыстар жас балуандарға тәжірибе жинауға, рухани тәрбие алуға және еліміздің намысын қорғауға үлкен серпін береді. Қостанай топырағында осындай маңызды чемпионаттың өтуі – біз үшін үлкен мәртебе. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шара ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Qazaq kuresi» Ассоциациясы бекіткен ресми ережелерге сәйкес ұйымдастырылуда. Жарыс 2–4 маусым аралығында өтеді.

Чемпионаттың алғашқы күнінде Қостанай облысының спортшылары өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті.

Атап айтқанда, Қаблан Нұрсұлтан (Арқалық қаласы) +100 келі салмақ дәрежесінде алтын жүлдеге ие болды. Мамбетова Күлзира (Әулиекөл ауданы) 70 келі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленді.

Дамир Бекбосынов өз сөзінде:

«Қазақ күресі – ел бірлігі мен ұлттық рухтың символы. Бүгінгі жас балуандар – ертеңгі ел чемпиондары. Бұл чемпионат – олардың үлкен спорт жолындағы алғашқы белестері», – деп атап өтті.

Қазақ күресі – тек спорт емес, ол – тарих, дәстүр және ұлттық болмыс. Осындай жарыстар арқылы жастарымыздың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік пен күрескер рух тәрбиелене бермек.

Бекарыс Еркін 

ҚӨУ студенті