Қостанайда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады

Қостанайда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады

Қостанай қаласындағы “Юбилейный” шағын ауданында келесі аптада дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында айтылды.

Бүгінде қалада 407 спорт нысаны бар. Болашақта олардың саны арта түспек. Әсіресе, “Юбилейный” шағын ауданында салынғалы жатқан кешен қалалықтардың сүйікті орнына айналары анық. Бұл жоба екі жылға жоспарланған. Қазіргі күні мердігер анықталды. Келесі аптада құрылыс жұмыстары басталмақ.

– Сауықтыру кешені барлық азаматтарға қолжетімді болмақ. Нысан қалалық әкімдіктің балансына қойылады, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Қостанайда 265 мыңға жуық адам тұрады. Дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметіне сай, халықтың 42%-тен астамы немесе 112 мың адам спортпен айналысады екен. Көпшілік арасында бұқаралық спортты насихаттау үшін алдағы қыркүйек айында «QostanayInternationalHalfMarathon» деп аталатын халықаралық жартылай марафон өткізу жоспарлануда.

Іс-шарада 10 және 21  қашықтыққа жүгіру, балалар жарысы және скандинавиялық жүрістен жарыстар ұйымдастырылады. Жартылай марафонға үш мыңнан астам адам қатысады. Біздің қаламыздан басқа аймақтар мен шекаралас жатқан көрші елдердің спортшылары да келуі мүмкін. Марафонның ұйымдастырушысы «Экстремальная атлетика» ҚБ. Ауқымды іс-шараға қалалық әкімдік қолдау білдіріп отыр.

 

Жаңалықтармен бөлісу