Қостанайда Бейімбет Майлин ескерткішіне тағзым гүлін қою рәсімі өтті

Қостанайда Бейімбет Майлин ескерткішіне тағзым гүлін қою рәсімі өтті

Қазақтың көрнекті жазушысы, ұлт әдебиетінің алыбы, драматург, журналист Бейімбет Майлиннің 130 жылдық мерейтойы Қостанайдағы монументтік ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Қазақ әдебиетін кемел биікке көтерген классик, ұлт мұраты жолында «жүрек майын шам қылған» Би-аға – Алаш жұртының асыл тұлғасы, жерлестерінің мәңгілік мақтанышы. Аз ғұмырында артына ақырғы қазаққа дейін азық болар рухани мұра қалдырды. Ал оны кеңінен насихаттау, есімін ардақтау әр кездегі мерейтойлардың басты мақсаты болса керек. Осы жолғы іс-шаралардың мазмұны да соған саяды.   Қостанай қақпасы саналатын теміржол вокзалының алдына орнатылған, жолаушыларды «шығарып салып, тосып алып тұрған» еңселі ескерткіші – облыс орталығындағы елеулі нысандардың бірі. Мерейтойдың басы осынау Майлин мүсініне тағзым гүлін қою рәсімімен басталды. Оған қастерлі тұлғаның жерлестері, алыс-жақыннан келген туыс-туғандары, шығармашылығын құрмет тұртушы қауым жиналды. Би-аға туралы толғанып, лебіз-пікірлерін айтты.

            «Бейімбет атамыздың өмірі қысқа әрі қиындыққа толы болды. Бірақ артында көл-көсір қазынасы қалды. Ол кісінің қабырғалы қаламгер, қайраткер болғанын, қаншама ұлы істердің бастауында тұрғанын бәріміз білеміз. Іс-шрамыздың ескерткіш түбіне тағзым жасаудан басталуының да зор мәні бар. Одан әрі көпеген келелі жиын-тойдың куәсі болмақпыз. Соның барлығының ойдағыдай өтуіне тілектеспін. Жасаған ізгі амалдарымыз қабыл болып, өңір тарихына жазылатын елеулі оқиғаға айналсын», – деді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.

Жиында зиялы қауым өкілдері де сөз алып, Бейімбет феномені жайында көсіле сөйледі. Әдебиетте көп еңбектену тұрғысынан алдына жан салмаған, кейіпкерлердің таңғажайып галереясын жасап кеткен қаламгердің жауһар туындыларын мысал етті.

            «Бүгін әйгілі классик Бейімбет Майлиннің ескерткішіне келіп, рухына бас иіп тұрмыз. Қазақ әдебиетіндегі басқа қаламгерлер бір төбе де, Би-аға бір бөлек адам. Ешқашан қайталанбайтын үлкен тұлға және ғаламат тұлғалық образдар жасаған кісі. Небары 43 жылдық ғұмырында 16 жыл ішінде 55 кітап шығарған адам. Қай шығармасы да қазақ үшін қазына. Тырнақалды туындысы «Шұғаның белгісі» прозадағы классика болып қалды. Аштықты суртеттейтін «Күлпашы» әлем әдебиетіндегі орын бөлек шығармаға айналды. Әрбір еңбегін айналып келіп оқыған сайын жаңа мазмұны ашыла береді. Қазақтың мінезі, ішкі психологиясы, жан-дүниесіндегі қайшылықтар бүгінгі болмысымызбен селбесіп жатыр. Ол қазақ көркем әдебиетінің ғаламат мектебін салып кетті. Қазақ халқы бұл кісіге мәңгі бақи қарыз. Бәрімізді рухы жебей берсін!»– деді қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы филиалы төрағасы Жанұзақ Аязбеков.

Жазушы еңбектерін насихаттау, сақтау жолында еңбектеніп келе жатқан ұйымдардың бірі – Бейімбет Майлин қоры. Оның құрамында тұлғаның туысқандары, немере-шөберелері, қазақтың белгілі қаламгерлері мен ғалымдары кірген. Аталмыш қордың құрылтайшысы, Би-ағаның шөбересі Ботагөз Тұрсынбекқызы ілік-жақындарымен бірге мерейтойға арнайы келді. Рәсім аясында лебізін айтып, қостанайлықтарға алғысын жеткізді.

            «Мына ескерткіштің салынғанына тура отыз жыл өтіпті. Жүз жылдық мерейтойында еңсе көтеріп еді. Сол кезде әжеміз Рәзия Бейімбетқызы бәрімізді жинап, әкесі туған топыраққа әкелген-тін. Міне, бүгін тағы да Қостанай жерімен қайта қауышудың орайы түсті. Атамыздың аруағын сыйлап, атын құрметтеп, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып жатқандарыңызға көптен-көп рахмет. Өте разымыз! Ұлтының адал перзенті болған ұлы тұлғаның мұрасын сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу – қордың ғана емес, барлығымыздың ортақ мақсатымыз. Мерейтойлық іс-шаралар соның жарқын көрінісі. Бәрі жоғары деңгейде өтсін», – деп ақжарма тілегін айтты ол.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы бастап, ескерткіш түбіне тағзым гүлін қою рәсімін жасады. Соңында жиылған қауым мүсін алдына естелік суреттерге түсті.Айта кетейік, үш күнге жоспарланған мерейтойлық іс-шаралар Қостанай, Рудный қалаларында және Бейімбет Майлин аудандарында өтеді.

Жандос ЖҮІСПБЕК

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу