Оқиға былай болған еді. Зейнеткер өз атына ауқымды соммада несие беруді сұрап, банк бөлімшесіне жүгінеді. Банк менеджері қарыз сомасын есептеп, банктің бір жарым миллион теңге көлемінде несиені мақұлдағанын хабарлайды.
Зейнеткер әйел телефон арқылы белгісіз адамдарға банктің қанша соманы бергенін айтады. Оны байқаған банк менеджері клиенттен не себепті несие алып жатқанын сұраған кезде зейнеткер қандай да бір ақпаратты беруден бас тартқан деп хабарлайды ПД баспасөз қызметінен.Содан кейін банк қызметкері бұл туралы қауіпсіздік қызметі пен полицияға хабарлады. Тексеріс барысында зейнеткер ақшаны алаяқтарға жібермек болған. Олар әйелге Ресейде тұратын қызының ауруханада ауыр жағдайда екенін хабарлаған. Ақшаны беру үшін келісілген кездесу барысында полиция қызметкерлері 20 жастағы дропперді сол жерде ұстады. Белгілі болғандай, жас жігіт Телеграмм арқылы жұмыс іздеген. Оған жалақысы күніне 50-ден 100 мың теңге болатын осындай “жеңіл” табыс түрін ұсынған алаяқтар байланысқа шыққан.
– Мұндай стресстік жағдайда бірінші кезекте ақша іздеу керек болды. Мен тіпті қызыма қоңырау шалуды ойламадым, өйткені мен қатты толқып кеттім. Бірақ қызметкерлердің қырағылығының арқасында алаяқтардың арбауына түспедім. Сол үшін маған осы жағдайда көмектескендердің барлығына ризамын, – деп атап өтті зейнеткер.
Қостанай облысының Полиция департаменті кезекті рет азаматтарды сақ болуды ескертеді. Алаяқтар жаңа схемаларды ойлап табуда. Сонымен қатар ескі “телефон” әдістерін де қолдануда. Полиция азаматтарға мұқият болуға, алаяқтардың қулықтарына түспеуді сұрайды. Ақпаратты тексеру, жақын адамыңызға қоңырау шалу және мұндай фактілер туралы полицияға хабарлау қажет.
Бұл ретте полицейлер заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін адамдарға ақша беру қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттер болып табылатынын еске салады.