26 июня, 2025
Қостанайда Балалар Кубогы жалғасуда

Қостанайда Балалар Кубогы жалғасуда

Қостанай қаласында шахматтан Қазақстан Республикасы Балалар Кубогының кезекті кезеңі өтіп жатыр. Бүгін турнир өз экваторынан асты – бесінші тур өтіп жатыр. Қатысушылар арасындағы бәсеке қыза түсті.

Кеше, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, турнир аясында ерекше іс-шара ұйымдастырылды: гроссмейстер Петр Костенко бір мезетте 25 тақтада сеанс өткізді. Оның нәтижесі таңқаларлық – 21 жеңіс, 3 тең ойын және 1 жеңіліс. Сеанс барысында балалар үшін белсенді интеллектуалды ойындар өткізілді. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар балмұздақ таратты.

Турнир ұйымдастырушысы Анатолий Уфимцевтің айтуынша, бұл жарыс – тек қана жарыс емес, үлкен мақсатқа бағытталған бастама.

– Біздің турнир 6 кезеңнен тұрады. Сол кезеңдердің нәтижесінде ең үздік шахматшы анықталады, – дейді Уфимцев. – Үшінші кезеңге дейін гранд-финалға қатысатын ойыншылар іріктеледі. Финал кейін өтеді және ол Қазақстан Республикасының Балалар Кубогының басты ойыны болады.

Оның айтуынша, бұл турнир іріктеу сипатына ие. Бір жағынан, бұл – финалдық кезең, екінші жағынан, облыста шахматты танымал етуге арналған жоба.

– Сонымен қатар, мұндай турнирлер балалардың спорттық шеберлігін арттыруға үлкен үлес қосады, – деп толықтырды ол.

Сапартілеуов Нұрасылға небәрі 12 жаста. Шахматпен алты жасынан бері айналысып келеді.

– Шахматты мектептегі үйірмеде ағайыммен бірге үйрендім. Ал сегіз жасымда оған деген қызығушылығым арта түсті, – дейді ол. – Бұған дейін Ақтөбе мен Түркістанда өткен жарыстарға қатыстым.

Жаппар Рабия – 10 жаста. Ол да шахматты ерте жастан бастаған.

– Шахмат маған қатты ұнайды. 5 жасымнан ойнаймын. Маған оны үйреткен – ағам, – дейді кішкентай шахматшы. – Қостанайда және басқа да облыстық турнирлерге қатыстым. Бірнеше рет жүлделі орын алдым. Тіпті облыс чемпионы болдым. Қарсыласым мықты, бірақ бұл жарыста жеңіске жетемін деп сенемін.

Ал Мұхаммет Батырхан – 11 жаста. Оның шахматқа деген сүйіспеншілігі отбасынан бастау алған.

– Бір күні атаммен дүкенге барып, картоннан жасалған шахмат сатып алдық. Ол маған қалай ойнау керектігін үйретті. Шахматты 5 жасымнан бері ойнап келемін, – дейді ол. – 2023 жылы Қазақстан чемпионатына қатыстым. Қазір Алматыдағы Жаныс Әбдімәлікакадемиясында оқимын. Сол жерде апта сайын түрлі турнирлер өтіп тұрады. Қарсыласым мықты, бірақ қазір біз тең позицияда тұрмыз.Қостанай төрінде өтіп жатқан бұл шахмат мерекесі жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың достасуына, тәжірибе алмасуына да зор мүмкіндік беруде. Алда әлі шешуші ойындар бар — кімнің үздік болатынын уақыт көрсетеді.

Ақерке АРЫСТАНБАЙ

ҚӨУ студенті