Облыстың білім беру саласы әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарының бірімен толықты.
Өткен жылы АҚШ Миннесота университетімен жүргізілген келісім оң нәтиже беріп, екі дипломды білім беру жүйесіне сай Computer Science мамандығы бойынша білім беру бағдарламасы жүзеге асырылатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов желідегі парақшасында жазды.
“Екі жақты келісімге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ықпал еткенін айта кеткен жөн. Келісім нәтижесіне сай, биылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті әлемдік деңгейдегі университеттің серіктесі болады. Бүгіннен бастап сұранысқа ие IT-маман мамандығына талапкерлерден құжаттарды қабылдау басталды. Жалпы, бұл қадам біздің өңірдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыруға септігін тигізуге тиіс”, – деп жазды Құмар Ақсақалов.
Мемлекет басшысы 2022 жылы еліміздің үздік шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырған. Бұл жұмыс сол тапсырма аясында іске асып отыр.
Кейінгі жылдары көп салада IT мамандарға сұраныс артты. Оның үстіне Қостанай облысында цифрландыруды жеделдету және жаңа технологияларды енгізу жұмысы қарқынды. Алдағы 3-5 жылда бұл қажеттілік жыл сайын 20-30 пайызға жетеді деген болжам бар.
2023 жылдың қыркүйегінде облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай Өңірлік университеті мен АҚШ-тың Миннесота университеті арасында алғашқы келіссөздер өтті. 2024 жылдың сәуірінде Миннесота университеті облысқа жұмыс сапарымен келді. Кездесу қорытындысы бойынша ЖОО-лар Computer Science білім беру бағдарламасы бойынша екі дипломдық білім беруді іске асыру туралы келісім жасасты.
Құжаттарды қабылдау осы жылдың 22 шілдесінде жүзеге асырылатыны айтылды.
АҚШ-тың Миннесота университеті білім беру және ғылыми зерттеулер сапасы бойынша әлемдегі ең жақсы университеттердің қатарына кіреді. Мәселен, әлемдік жоғары оқу орындарының рейтингінде ол 156-шы орында, АҚШ-тың үздік университеттерінің рейтингінде 38-ші орында.
Екі университеттің дипломдық бағдарламасы қазіргі заманғы еңбек нарығының халықаралық тәжірибесі мен әлемдік стандарттарына сәйкес келетін білімі, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен инновациялық қызмет дағдылары бар жоғары білікті IT-мамандарды даярлауға бағытталған. Бұл бағдарлама студенттерге әлемдік деңгейде білім алу арқылы кәсіби дамуға үлкен мүмкіндіктер береді.
Толығырақ ақпарат алу үшін Қостанай өңірлік университетінің қабылдау комиссиясына мына мекенжай бойынша хабарласуға болады: Қостанай қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 118. Байланыс телефоны: 8 (7142) 54-28-49, 8 775 155 04 00.