Қостанайда “Алтын микрофон” халықаралық байқауы басталды

Қостанайда “Алтын микрофон” халықаралық байқауы басталды

Қостанайда бүгін «Алтын микрофон» халықаралық байқауы басталды. Осымен 20-рет өтіп отырған жас әншіре байқауына жеті елдің үміткерлері қатысып жатыр.

Жас әншілердің басын қосқан өнер додасы алғашқы жылдары облыстық дейгейде өтсе, уақыт өте келе халықаралық деңгейге жетті. 20 жылдың ішінде бағын сынап, үмітін үкілеп келетін жастардың да қатары арта түсуде. Биыл Армения, Беларусь, Украина, Болгария, Өзбекстан және Қырғызстаннан барлығы 77 үміткер келген. Олардың барлығы да сынақтан өтіп, жүздің ішінен оза шапқан жүйріктер.

Байқау 7 жастан 23 жасқа дейінгі әншілер арасында өтеді. Әр елдің өкілдерінен құралған қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы төрелік етеді.

«Алтын микрофон» – Қостанай өңірінің ғана емес, бар қазақ еліне ортақ байқау, жастарға жол ашатын, алтындарды жарқырата түсетін бірегей дода», – деп бағасын берді ол.

Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов та жас өрендерді құттықтап, ақ жол тіледі.Бүгін бастау алған өнер додасы үш күн бойы Жастар сарайында өтеді. Алдағы жұмада жеңімпаздардың есімдерін білетін боламыз. Бас жүлде алған өрен қомақты қаражатқа ие болып, өзге де халықаралық байқауларға жолдама алады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу